Оралда нан бағасы 13 пайызға қымбаттады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "ҚазАгро" холдингі" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Еске сала кетейік, 2014 жылдың қараша айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков "бірінші сортты нан мен бірінші сортты ұнның бағасы 2015 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қымбаттамайды", - деп мәлімдеген болатын.

"Оралда қара бидай-бидай нанының келісі 13 пайызға - 100-ден 113 теңге дейін қымбаттады. Бағаның өсу себебі – тауар өндірушілердің сатылатын (көтерме) бағаны 9%-ға дейін жоғарлатуы", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі мамандарының мәліметінше, "Қазагромаркетинг" АҚ 2014 жылдың 30 желтоқсаны мен 2015 жылдың 6 қаңтары аралығында республикадағы азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізді. Мониторинг нәтижесі бойынша ет пен сүт өнімдерінің бағасы айтарлықтай өзгермеген. Есесіне ұн өнімдерімен бірге жеміс-жидектің де бағасы екі есеге дейін қымбаттаған.
Астанада бір апта ішінде жүзімнің бағасы 92 пайызға қымбаттады. Бұрын бір келісі 468 теңге болған жүзім импорт бағасының өсуіне байланысты қазір 768 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар, кей өңірде қызанақ пен қиярдың бағасы артты. Қызанақтың Қызылордадағы бағасы 350-ден 400, Қарағандыда 350-ден 395, Оралда 335-тен 373 теңгеге өсті, ал Астанада қызанақтың келісінің құны 600 теңгеден 640 теңгеге көтерілді. Мамандар бұл қымбатшылықты өнім мөлшерінің азаюымен және сатушылардың көтерме бағаны арттыруымен байланыстырып отыр.
Бір аптаның ішінде қияр бағасы да едәуір қымбаттады, қазір Қарағандыда бір келі қиярдың бағасы 446 теңге тұрады, ол бұрын 399 теңгеден сатылған, ал Өскемендегі бағасы 11 пайызға артып, баға 573 теңгеден 636 теңгеге көтерілді.
Айта кетейік, жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша арзандаған азық-түлік түрлері де бар. Мысалы, Астанада ұнның бағасы 119 теңгеден 101 теңгеге, Шымкентте қиярдың бағасы 280 теңгеден 270 теңгеге төмендеді. Мамандардың айтуынша, бұған жеткізіліп жатқан өнім мөлшерінің жеткілікті екені себеп.