Шаған өзені алқабындағы ағаштардың оталуы қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды. Бұл мәселе экологиялық қоғамдық кеңес отырысында көтерілді. 4 гектар аумаққа денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып жатқаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шаған өзені алқабындағы ағаштардың оталуы қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды. Бұл мәселе экологиялық қоғамдық кеңес отырысында көтерілді. 4 гектар аумаққа денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып жатқаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қоғамда өзен алқабы мен су қорғау аймақтарын игеру мәселесі резонанс тудырып отыр. Жер телімдері жекеменшікке өтіп, кейін қожайындары ағаштарды кесуге кіріседі. Бизнестің дамуына қарсы емеспіз, бірақ табиғатқа зиян тигізбесе болғаны. Көп ұзамай жұрт демалатын жер қалмайды, барлық ағаш кесіліп, учаскелер босамай қалады", - деді Орал экологиялық-географиялық қоғамдастығының төрағасы Дархан Сариев.
"Жұмыс Экология департаментінен, Жайық-Каспий бассейн инспекциясынан берілетін рұқсатсыз басталды. Бұл учаскені мемлекет меншігіне қайтарып, одан ары орман қорына беруді сұраймыз", - дейді табиғат қорғаушы Злата Удовиченко.
Экологиялық кеңесте 4 гектар жер телімінің иесі де сөз сөйледі.
"Бұл жерді 2014 жылы коттедж салу үшін сатып алғанмын. Енді осы жерге жабық футбол алаңдарын салу идеясы туындады. Жазда алаңдарды "Ақжайықтың" жас футболшылары пайдаланады. Қураған ағаштарды кестік. Теректер мен қарағаштардың орнына жоғары сортты ағаштар отырғызылады. Бұл жобаға 800 миллион теңгеге жуық инвестиция салынады", - деді кәсіпкер Мұңайтпас Миниус.
Орал қаласының әкімдігі Шаған өзені маңындағы учаскенің демалыс аймағына жатпайтынын айтты.
"Бұл орман емес, су басқан аймақ. Сондықтан ол жерде, соның ішінде спорт нысандарын салуға рұқсат етілген. Жекеменшіктің аты - жекеменшік", - деп түсіндірді Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев.
Айта кетейік, мұндай жағдай Оралда бірінші рет болып отырған жоқ. Қала билігі 700 гектар аумақты Перевольная орман аумағында жол салу жоспарын жариялады. Бұл жоба да қоршаған ортаны қорғау белсенділерінің наразылығын тудырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!