Орманда балаларымен бірге тұрып жатқан оралдық отбасы дағдарыс орталығына орналастырылды, - "Мой Город".
Орманда балаларымен бірге тұрып жатқан оралдық отбасы дағдарыс орталығына орналастырылды, - "Мой Город".
Настя Еремина мен оның үш қызы әйелдерге арналған дағдарыс орталығына алынды. Мұнда төрт күн ішінде балалар біраз оңалып қалды. "Балалары бар отбасыны дағдарыс орталығына көшіру туралы шешімді комиссия қабылдады, ол уақытша шешім. Олар орталықта 30 күн болады. Осы уақыт ішінде әйел жұмысқа орналасуы керек. Алты жастағы Альбина 0-сыныпқа барады. Әкімдік жанындағы комиссия отбасыға баспана жөнінен қалай көмектесуге болатынын шешеді. Настяны аналық құқығынан айыру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", - деді жергілікті ювеналды полицияның басшысы Гүлшат Ғұсманова.
Көпбалалы ана орталықта ұзақ уақыт отыруды ойламайтынын айтты. "Бізді орталыққа уақытша тұруға әкелді. Әзірше осында боламыз, кейін жұмыс тауып, жұмыс істейтін боламын. Балаларға даладан осында келгеніміз ұнап жатыр. Күйеуімнің қайда екенін білмеймін, оны 10 қазанда көрдім, болды", - деді Еремина. Ол өз отбасына жергілікті әкімдік баспана жөнінен көмек беруге уәде еткенін айтты.
Еске сала кетейік, Оралда кішкентай балалары бар бір отбасы жаздың басынан бері орманда тұрып жатқан болатын. Олардың полиэтилен пленкадан жасалған күркесі Жайықтың жағасындағы саяжайлардан төрт шақырым жерде. Біржарым жастағы Камилла, үш жастағы Карина мен алты жастағы Альбинаның анасы бұрын өз шешесімен бірге тұрған, кейін арадағы жанжалдан соң ерлі-зайыпты орманға кетуге мәжбүр болған.
Отағасы жүк тасушы болып жұмыс істейді. Ол Ташкентте туып-өскен, қазір қолында ешқандай құжаты жоқ. Ормандағы отбасында "қонақта болған" журналистердің айтуынша, олар саңырауқұлақ теріп жеген, суды жақын маңдағы құдықтан алып ішкен.