Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасы мен OMarket.kz электрондық сауда алаңы деректерді өңдеудің заманауи технологиялары мен жасанды интеллектті пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алуды талдауды цифрландыруға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Жаңа деңгейдегі цифрлық қадағалау
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес әзірленіп, мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты, тиімділікті және алдын ала бақылауды арттыруға бағытталған жалпы саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады.
Жобаның миссиясы - деректерді талдау технологияларын, жасанды интеллектті және адам сараптамасын мемлекеттік сатып алу саласындағы тәуекелдердің алдын алудың бірыңғай жүйесіне біріктіретін "ақылды қадағалау" (smart supervision) моделін қалыптастыруға жәрдемдесу.
"Бұл - отандық IT-компания әзірлеген, Қазақстан прокуратурасы органдарының қадағалау қызметіне арналған мамандандырылған цифрлық талдамалық құралды енгізудің алғашқы үлгісі", - деді Өскемен гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Есжан Сыбанбаев.
OMarket.kz мәліметінше, әзірленіп жатқан функционал келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
- Сатып алу деректерін кешенді талдау және визуализациялау;
- Бюджетті игермеудің заңдылықтары мен тәуекелдерін анықтау;
- Ағымдағы деректер негізінде басқарушылық есептерді қалыптастыру;
- Мемлекеттік сатып алулардың орындалуын бақылау сапасын арттыру;
- Қызметкерлердің цифрлық шешімдер және аналитикалық құралдар бойынша құзыреттерін арттыру;
Электрондық сауда алаңы өкілдерінің сөзінше, пилоттық жоба шеңберінде аналитикалық функционалды әзірлеу және енгізу тегін жүзеге асырылады.
"Аналитика мен технологияға сүйенген цифрлық қадағалаудың жаңа буынын қалыптастыруға атсалысу біздің компания үшін үлкен мәртебе. Отандық IT-мамандар әзірлеген ашық деректерге негізделген алгоритмдер мен кәсіби құзыреттер мемлекеттік сатып алуларды бақылаудың тиімділігін және процестердің ашықтығын жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз", - деді OMarket.kz электрондық сауда алаңының негізін қалаушы Дархан Біржанов.
Сондай-ақ, ол еморандум шеңберінде OMarket.kz электрондық сауда алаңы платформада автоматтандырылған талдау модулін әзірлеуді, оны тестілеуді және енгізуді қамтамасыз етіп, прокуратура қызметкерлеріне оқыту жүргізетінін айтты.
OMarket.kz мәліметінше, Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасы тестілеуге белсенді қатысып, функционалды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын береді.
Толығырақ - мына сілтемеде.