Өскемендегі "Қазмырыш" металлургия кешенінде болған жарылыстан зардап шеккендердің бірі Астанаға ауыстырылады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабардайды Tengrinews.kz.
Төтенше жағдайдан кейін Өскеменге Астанада орналасқан Шұғыл медицина ғылыми үйлестіру орталығынан (ШМҒҮО) екі жетекші маман барған: Шұғыл медицина департаментінің басшысы, республиканың бас реаниматологы Бақыт Жарқымбеков пен Комбустиология департаментінің басшысы, республиканың бас комбустиологы Жомарт Жалғаспаев.
"Мамандар зардап шеккендерді қарап шығу үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Тексеру қорытындысы бойынша шұғыл консилиумдар өткізіліп, диагноздар нақтыланды және алдағы емдеу жолы келісілді", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Денесін ауыр күйік шалған науқас жағдайының тым ауырлығына байланысты кемінде 72 сағат бойы күйік шогынан шығаруға бағытталған қарқынды терапия кешенінен өтеді. Жағдайы тұрақталғаннан кейін оны Астанадағы Шұғыл медицина ғылыми үйлестіру орталығына тасымалдау мәселесі қарастырылады.
"Омыртқасынан жарақат алған екінші зардап шегушіні мамандандырылған ота жасау үшін санитарлық авиациямен ШМҒҮО нейрохирургия бөліміне жеткізу дайындығы жүріп жатыр. Тасымалдау 7 мамырға жоспарланған", - деп толықтырды басқарма өкілдері.
Күйік шалған науқасты тасымалдау мәселесін қайта қарау республикалық мамандардың келесі сапары аясында шамамен 9 мамырға жоспарланып отыр.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығына барлығы 5 зардап шегуші жеткізілген. Екі науқас ауруханаға жатқызылды: біреуі - травматология бөліміне, екіншісі - реанимация бөліміне. Қалғандарына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызуды қажет етпегендіктен, амбулаторлық бақылауға жіберілген.
Еске сала кетейік, Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.
Алдын ала ақпарат бойынша, жедел жәрдем қызметкерлері төрт адамды ауруханаға жеткізгені айтылған еді. Кейін оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алғаны хабарланды.
Оқиға орнында қырық өртсөндіруші мен 10 техника жұмыс істеп жатыр, залал көлемі анықталады.
Айта кетейік, 5 мамырда өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі жарылыс дерегі бойынша ТЖ және Экология министрліктеріне, сондай-ақ өңір әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілгенін мәлімдеді. Жағдай премьер-министрдің бақылауында.