Өскеменде жұмысшылардың өліміне әкеп соқтырған "Казмырыштағы" төтенше жағдай тергеліп жатыр. Тергеу барысы туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Тергеу туралы не белгілі?
Вице-министрдің айтуынша, оқиға дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған
"Бүгінде тергеу жүріп жатыр, жедел-тергеу тобы құрылды. Біз Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізіп жатырмыз. Бұл бапта 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деді Әділов.
Ол тергеуге тәжірибелі мамандар тартылғанын атап өтті.
"Жедел-тергеу тобы тәжірибелі қызметкерлерден жасақталған, 10-нан аса сот сараптамасы тағайындалды. Олардың бастысы - жарылысқа немесе қирауға себеп болған жағдайды анықтау", - деп түсіндірді ол.
Негізгі нұсқалар
ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның екі негізгі нұсқасы қарастырылып жатыр.
"Негізгі нұсқалар - технологиялық процестің бұзылуы және адами фактор, яғни еңбекті қорғау ережелерін бұзу", - деп нақтылады Әділов.
Зардап шеккендердің жағдайы
Сонымен қатар ІІМ басшысының орынбасары зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр екенін хабарлады.
"Екі қаза тапқан адамнан бөлек, екі зардап шегуші ауруханада жатыр, олардың бірінің жағдайы ауыр", - деді ол.
Тексеруге кімдер қатысып жатыр?
Оның айтуынша, жұмысқа түрлі мемлекеттік органдар тартылған.
"Қазір уәкілетті мемлекеттік органдардың, Өнеркәсіп министрлігінің, облыс әкімдігінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Комиссия мен сот-сараптама тобының шешімдері тергеуге бағыт береді және кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдауға көмектеседі", - деп түйіндеді Әділов.
Еске сала кетейік, Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.
Алдын ала ақпарат бойынша, жедел жәрдем қызметкерлері төрт адамды ауруханаға жеткізгені айтылған еді. Кейін оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алғаны хабарланды.
Оқиға орнында қырық өртсөндіруші мен 10 техника жұмыс істеп жатыр, залал көлемі анықталады.
Айта кетейік, 5 мамырда өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі жарылыс дерегі бойынша ТЖ және Экология министрліктеріне, сондай-ақ өңір әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілгенін мәлімдеді. Жағдай премьер-министрдің бақылауында.