Өткен жылы түрмеге жатқызылған сотталғандардың 30 пайызы белгілі бір аурумен ауырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа сілтеме жасап.
Өткен жылы түрмеге жатқызылған сотталғандардың 30 пайызы белгілі бір аурумен ауырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа сілтеме жасап.
"Колонияларға көбіне көп аурумен ауыратын сотталғандар түседі. Өткен жылы колонияларда ВИЧ жұқтырған 447 адам, 1500 нашақор, басқа да түрлі аурумен ауыратын 1800 адам, оның ішінде, туберкулездің белсенді формасын жұқтырғанымен денсаулық сақтау органдарында тіркеуге тұрмаған 400 адам анықталды. Өткен жылы түрмеге түскен сотталғандардың 30 пайызы науқас болды", - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Ол қылмыстық-атқару жүйесі медицинасында материалдық-техникалық жарақтандырудан кейінгі ең өткір мәселе дәрігерлердің тапшылығы екенін айтты. "Бүгінде бізде 1740 медициналық жұмысшының штаты бар, оның 777-сі - дәрігер, бірақ жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің саны - 437. Яғни қызметкерлермен 50 пайызға аз қамтылған. Жағдайдың жуық арада өзгеретін түрі көрінбейді", - деді ол.
Дәрігерлердің түзеу мекемелерінде жұмыс істеуден бас тартуына колонияларда жұмыс істеудің қауіпсіз емес екендігі, инфекциялық ауруларды жұқтыру қаупінің күшті екені, түрмелердің қалалардан алыс болуы, тиісті әлеуметтік көмектердің болмауы себеп.
Министр келесі жылы сотталғандарға медициналық қызмет көрсету функциясын денсаулық сақтау органдарының құзырына беру туралы шешім қабылдаудың дұрыс болатынын айтты. Бірақ ІІМ алдымен қылмыстық-атқару жүйесі медициналық қызметін материалдық-техникалық жағынан жарақтандырып алу, жалақы, медқызметкерлерді қомақты әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп алуды ұсынады.
Қасымов қылмыстық-атқару жүйесінде түзеу мекемелеріндегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік беретін жағымды ілгерілеушіліктердің де бар екенін айтты. Соңғы бесжылдықта колонияларда өлім-жітім көрсеткіші 30 пайыздан астамға төмендеген. Туберкулездің салдарынан болатын өлім көрсеткіші 68 пайызға, аурулардың саны 31 пайызға азайған.