Өткен тәулікте ел аумағындағы тасжолдарда қар құрсауында қалған 259 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылып, 21 бірлік техника шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен тәулікте ел аумағындағы тасжолдарда қар құрсауында қалған 259 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылып, 21 бірлік техника шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта жылыту пункттерінде 139 адам, оның ішінде 14 бала бар. Блок бекеттерде 664 бірлік техника, оның ішінде 346 жеңіл және 318 бірлік жүк көлігі тұр.
Кеше кешке еліміздегі блок бекеттерде 1 400 бірлік көлік тұрған болатын.
Авариялық-құтқару және автожолдарды қардан тазарту жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 232 адам және 134 бірлік техника жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі) Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында республикалық маңызы бар автожолдардың 24 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 42 учаскесі жабылды.
Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында республикалық және аумақтық жедел штабтар құрылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға елді мекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Өзіңізбен бірге қысылтаяң жағдайларда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүріңіз.
"Дәрмен" мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны 112.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!