30 жылдық тәжірибесі бар инфекционист, Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы медициналық орталығы директорының орынбасары Сәуле Атығаева коронавирустан өзін-өзі емдеу қандай жағдайға жеткізетінін, жансақтау бөліміне кімдер жиі түсетінін және вакцина алудың маңызы қандай екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
30 жылдық тәжірибесі бар инфекционист, Нұр-Сұлтан қаласының көпсалалы медициналық орталығы директорының орынбасары Сәуле Атығаева коронавирустан өзін-өзі емдеу қандай жағдайға жеткізетінін, жансақтау бөліміне кімдер жиі түсетінін және вакцина алудың маңызы қандай екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Дәрігердің айтуынша, көбінесе бірнеше күн өз бетінше емделумен айналысатын науқастар ауыр жағдайда инфекциялық стационарларға жатқызылады.
"Интернеттегі ақпараттар негізінде биологиялық қоспаларды, шөптерді, иммуностимуляторларды пайдаланып емделетіндер бар. Олар антикоагулянттарды бірден қабылдап жатады. Оны пайдалы және иммундық жүйені нығайтады деп санайды. Дегенмен, бұл үйде емделудің ең тиімсіз және ең сауатсыз тәсілі. Ондай адамдар мамандандырылған медициналық көмекке жүгінбеуі арқылы өз денсаулығына зиян келтіреді. Коронавирустың өте қауіпті екенін түсінуіміз керек. Ал мутацияланған "дельта" штамы тіптен жұқпалы. Яғни, өзің ғана емес жақындарыңның да реанимацияға түсуіне себеп болуың мүмкін", - дейді Сәуле Атығаева.
Дәрігер науқастар ауруы дендеп кеткен кезде ғана медициналық көмекке жүгінетінін айтты.
"Жоғары температура, ентігу, дем ала алмау секілді белгілер болғанда ғана дәрігерлерге хабар береді. Өкініштісі, алтын уақытын өзін-өзі емдеймін деп жоғалтады. Қанша дегенмен стационарлық емдеу мен реанимацияға дейін жеткізбейтіндей уақыты болды емес пе?!" - дейді ол.
Оның айтуынша, науқастардың басым бөлігі ауыр жағдайда келетіндіктен, тыныс алу аппаратына жатқызылады.
"Біз уақыт жоғалтамыз, салдарынан науқастарды аман алып қалу мүмкін болмай жатады. Реанимацияға түсіп, қайтыс болған пациенттердің басым бөлігі дер кезінде дәрігерге хабар бермей, өзін-өзі емдеумен айналысқан. Ал айрықша айту керек жайт, ол науқастар вакцина алмаған! Вакцина салдырып, реанимация төсегінде жатқан бірде-бір науқас болған жоқ. Себебі, вакцинация коронавирустың ауыр түрінен қорғайды. Ал реанимацияда жатқан науқастар уақытында вакцина салдырмағанына өкініп жатады", - дейді дәрігер.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!