Өзбекстандық ерлі-зайыпты Жамбыл облысында қалай құл болғаны туралы айтып берді

09 Қазан 2018, 09:51
0
Өзбекстандық ерлі-зайыпты Жамбыл облысында қалай құл болғаны туралы айтып берді - КТК телеарнасының кадры
КТК телеарнасының кадры

Жамбылда өзбекстандық ерлі-зайыпты құл иеленушілерден жәбір көргенін айтып шағымданды. Айтуларынша, бес ай бойы мал бақтырған кәсіпкер оларды ұрып-соғып, жалақыларын бермей зар илеткен. Ал қашып кетпес үшін біреуін үйде кепілде ұстаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Өткен жылы Гүлзира есімді әйелдің малын баққан азамат жұбайын ертіп ақша табуға биыл тағы келген. Алайда бұл жолы қожайыны еткен еңбектің ақысын бермей зар илетті дейді. Көк тиын бұйырмасын білген ерлі-зайыпты қашып кетіп, бірақ ұсталып қалады. Сол үшін екеуін жұмыс берушінің баласы сабап тастағанын айтады.

"Ұрып тастады хотун екеуімізді. Дубинкамен ұрды. Сиыр жоқ деп ұрды", - дейді Расулжан Шәріпов.

Өзбекстан азаматы Расулжан Шәріповтың айтуынша, бұл оқиғадан кейін кәсіпкер қысымды күшейткен. Малшы қашып кетпес үшін оның сауыншы әйелін үйден шығармай кепілде ұстаған. "Екі балам бар, анам бар. Не қыламыз енді? Көмек беретін адам жоқ", - дейді ол. 

44 жастағы ер адам ауылдағы сүт сатушы белсенді келіншектен көмек беруді сұрапты. Тілшілерді шақырып, полицейлерге де хабар берген сол кісі екен. Сөйтіп, жалшы құзырлы орын өкілдерін ертіп барып, кепілде отыр деген әйелін шығарып алды.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, жұмыс беруші әйелмен тілдесу мүмкін болмады. Ал төбе көрсеткен оның келіні қысқа ғана жауап қайырған. "Үйде адам жоқ, тойға кетті. Олжас шықпайды, ауырып жатыр", - деді ол. Өзбекстан азаматтары аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген соң жағдай мүлдем өзгерді. Жылап-сықтаған жәбірленушілер күтпеген жерден айтқандарынан айныды. Олардың неліктен бұлай еткендері түсініксіз.

"Тергеу барысында Өзбекстан азаматтарын ешкімнің еркінен тыс ұстамағанын, жалақыны уақытылы әрі толық көлемінде алғандарын айтты. Сонымен қатар, жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесінде олардан ешқандай дене жарақаттары анықталған жоқ", - дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

"Отанын сағынғандардың хикаясы мұнымен бітпейді. Екеуі Қазақстанда заңсыз жүргендері үшін 30 тәулікке қамалды. Сондай-ақ, өзбек азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін бизнесмен де қомақты айыппұл төлейтін болды. Оның көлемін сот шешпек", - деп хабарлады телеарна тілшісі. 

Дереккөз: КТК.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай