Парламент Мәжілісінің депутаттары кадрлық ауыс-түйістер мен Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауына түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінің депутаттары кадрлық ауыс-түйістер мен Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауына түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұхтар Тінікеев кадрлық ауыс-түйістердің дұрыс шешім болғанын айтты: "Бердібек Сапарбаев бірнеше жыл облыс әкімі болды, ол - тәжірибелі басшы, оны шығыста өз қызметімен дәлелдеді. Даниал Ахметов - мықты менеджер, бұл өзгерістер атқарушы билікті нығайта түседі. Ал Мемлекеттік хатшының тұңғыш рет әйел адам болуы, Қазақстанның әйелдер мен ерлердің тең құқылылығын ұстануы, әйел адамның жоғары лауазымды иеленуі қуантады. Мемлекеттік хатшы - сенім грамотасын табыс ету ғана емес, ол саясат. Әлеуметтік мәселелермен айналысқан әйел қызметті күшейтеді. Әбдіқалықованың билікте болуы көптеген әйелдің жоғарылауына көмектеседі деп ойлаймын".
Депутат Зағипа Бәлиеваның айтуынша, кадрлық ауыс-түйіс оң өзгерістерге ықпал етеді. "Мемлекеттік хатшының тұңғыш рет әйел адам болуы өте жақсы. Өйткені Мемлекеттік хатшы қарастыратын мәселелердің әлеуметтік сипаты бар. Гүлшара Әбдіқалықова бұл міндетті тамаша атқара алады деп ойлаймын. Даниал Ахметов - шаруашылықтың тамаша маманы. Мен Үкімет құрамында онымен бірге жұмыс істедім. Сапарбаевқа келсек, ол өз қызметі бойынша үздік әкімдердің бірі болды. Қазір вице-премьер болған ол тиімді жұмыс жүргізетін болады", - деді Бәлиева.
Тәңірберген Бердоңғаров та бұл пікірді құптады. "Даниал Ахметов - шаруашылықтың мықты маманы, сондықтан өңір оның басқаруымен табысты дамитын болады. Өткенге көз жүгіртіп, ойды жинақтап алу кез келген адамның жұмысына оң ықпал етеді. Гүлшара Әбдіқалықоваға келсек, біз гендер жағынан сезімталмыз, әйелдер ел басшылығында болуы керек, әсіресе, сондай маңызды лауазымда", - деді ол.
Депутат Гүлжан Қарағұсова әйелдердің Президенттің бастамасымен ғана билікке келіп жатқанын атап өтті. "Билікке тұңғыш рет әйелдер келіп жатыр, бұл - Назарбаевтың бастамасы. Ол әрқашан әйелдердің өз қызметінде анағұрлым жауапты болатынын айтып жүреді. Гүлшара Әбдіқалықова үшін бұл - мүлдем жаңа қызмет. Бірақ жауапты қараған жағдайда жаңа нәрсенің бәрі - өзіңді басқа қырыңнан көрсетудің, жаңа білімдер жинақтаудың бір мүмкіндігі. Табыс тілеймін", - деді Қарағұсова.
Ол кадрлық өзгерістердің оң нәтиже беретінін айтты. "Сапарбаев әлеуметтік салаға қойылды, ол бұрын әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінде жұмыс істеді, ұзақ уақыт әкім болды, ал әкімнің негізгі спектрі - әлеуметтік сала. Сондықтан ол жұмысқа бірден кірісіп кете алады деп ойлаймын. Даниал Ахметов - шаруашылық ісінің білгірі, бұдан өңір ұтылмайды", - деді депутат.
Мәжіліс депутаттары "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жария етілген Президент Жолдауы жөнінде де пікірлерін білдірді. Олар биылғы Жолдаудың күтпеген жайт болғанымен оның дер кезінде жарияланғанын айтып отыр.
"Ресей жолдау жасаудан бас тартты, өйткені қиын кезеңде өлшемдердің бәрін ұстану оңай емес. Біздің Президент дамудың бағыттарын стратегиялық тұрғыдан анықтады, шынымен де, тұңғыш рет талқыланды, Ұлттық қорды құрудың қаншалықты қиын болғаны менің есімде. Қазір қорды құрудың дұрыс болғанын уақыт көрсетті. Ең бастысы, оның қаржысының бәрі екі негізгі жайтқа - қолда барды сақтауға және дамытуға жұмсалып жатыр. Жолдар инфрақұрылымының, халықты сын-қатерлерден қорғаудың стратегиялық маңызы зор", - деді Қарағұсова.
Мұхтар Тінікеев Президенттің көрегендігін атап өтті. "2007 жылы басталған дағдарыс әлі жалғасып жатыр. Соңғы оқиғалар бізде мұнайдың арзандауына әкеліп соқты, біз мұнайға өте тәуелдіміз. Халық қаражатын ел экономикасына салу бұл - экономиканы қолдау, ол бұл кезеңнен қиналмай шығуға көмектеседі - жолдар салынады, жұмыс орындары ашылады", - деді Мәжіліс депутаты.
"Жолдауға келсек, біз, әрине, күтпедік, бірақ оның 11 қараша болатынын білдік. Әлемдегі экономикалық ахуалда белгілі бір шиеленістер басталды, оған Мемлекет басшысы мен Үкімет мән бермейді деп ойлаған жоқпыз. Олар дер кезінде үн қатты. Егер біз қойылған міндеттерді орындай алсақ, мемлекет табысты дамитын болады. Бұл, әрине - жолдар, әлеуметтік мәселелер, құлағалы тұрған мектептерді жою, шағын және орта бизнесті қолдау - жылдам шешілуі керек басқа да мәселелер. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы - жас отбасыларға, мұқтаж жандарға тамаша мүмкіндік. Мемлекет басшысы жүктелген міндеттерді іске асыру бағдарламасын Үкіметке 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін жасауды тапсырды. Қазір Үкіметпен бірлесе отырып, осы мәселені шешетін боламыз", - деді Бәлиева.
"Бірінші кезекте, Жолдауда Мемлекет басшысы мәселелердің тамырын байқап тұр. Әлем экономикасында қазір құлдырау үрдістері болып жатыр, бұл көмірсутек өндіретін елдерде сезіліп жатқаны анық. Экономиканы әртараптандыру туралы Президент бұрыннан айтып келеді, бірақ қазір ғана біз көмірсутектерге тәуелсіз өндірістерді дамытудың нарықтық тетіктерін жасауға мүмкіндік алып отырмыз", - деді Бердоңғаров.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында халыққа өз Жолдауын арнаған еді. Ол "Нұрлы жол" атты жаңа экономикалық саясатты жария етті.
Ал содан кейін кадрлық ауыс-түйіс болды. Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы тұңғыш рет әйел адам болды - Гүлшара Әбдіқалықова, оның бұрынғы лауазымы - Премьер-министрдің орынбасарлығына Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысына әкім болды.