Парламент Сенатында жаңа депутаттар жұмысқа кірісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі палатаның жалпы отырысынан.
Парламент Сенатында жаңа депутаттар жұмысқа кірісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі палатаның жалпы отырысынан.
"Бүгінде Сенат жаңарған құраммен жұмыс істейді. Сенат депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша палата құрамы айтарлықтай өзгерді. Қатарымызға жергілікті мәслихат депутаттары сайлаған тәжірибелі мамандар, басшылар мен танымал қоғам қайраткерлері қосылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Сенаттың қайта сайланған депутаттарын құттықтаймын", - деді палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол жаңа әріптестеріне "елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруды қарастыратын кешенді шараларды заңмен қамтамасыз етуге бағытталған" еңбекте табыс тіледі. "Қызметке кіріскен палата депутаттары заң шығару ісіне тың серпін беріп, жұмыстың сапасын арттырады деп есептеймін", - деді спикер.
"Біздің әріптестеріміз Михаил Михайлович Бортник, Сәрсенбай Құрманұлы Еңсегенов, Ерболат Рахметұлы Мұқаев, Сергей Викторович Плотников өз сайлаушыларынан сенім мандатын алып, жаңа конституциялық мерзімге сайланды", - деді Тоқаев.
Сонымен бірге, бір топ депутат өз қызметтерін аяқтады, олардың арасында Қайсар Омаров, Светлана Жалмағамбетова, Нұрлан Сүлейменов, Юрий Кубайчук, Хусаин Валиев, Қожахмет Баймаханов, Орынбай Рахманбердиев, Ермек Жұмабаев және Анатолий Башмаков бар.
"Өкінішке қарай, бізді құрметті әріптесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Иран Әмірұлы Әміров мәңгіге тастап кетті. Біз өз Отанының игілігі үшін өмірінің соңына дейін еңбек еткен Иран Әмірұлын әрқашан есте ұстайтын боламыз", - деді спикер.
"Құрметті әріптестер, Сіздерге бірлескен еңбектеріңіз бен депутаттық міндеттемелерді бірлесе атқарғандарыңыз үшін Мемлекет басшысының үлкен алғысын жеткіземін. Парламент қабырғасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда кәсібилік танытқандарыңыз үшін, заң шығару қызметінде белсенді көзқарас танытқандарыңыз үшін бәріңізге алғыс айтамын", - деді ол.
Бүгін сонымен бірге Сенат комитеттерінің жаңа төрағалары сайланды. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетін Сергей Плотников, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Икрам Адырбеков, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетін Талғатбек Абайділдин, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетін Ахан Бижанов, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін Серік Ақылбай, Қаржы және бюджет комитетін Рашид Ахметов басқаратын болды.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың 1 қазанында Сенат депутаттарын сайлау өткен болатын. Сенатқа 16 депутат сайланды:
Ақмола облысынан – Әкімов Рашит Қайыржанұлы;
Ақтөбе облысынан – Тағымов Марат Мырзағалиұлы;
Алматы облысынан – Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлы;
Атырау облысынан – Еңсегенов Сәрсенбай Құрманұлы;
Батыс Қазақстан облысынан – Мұқаев Ерболат Рахметұлы;
Жамбыл облысынан – Жолдасбаев Мұратбай Сматайұлы;
Қарағанды облысынан – Ершов Сергей Михайлович;
Қостанай облысынан – Бектұрғанов Серік Шыңғысұлы;
Қызылорда облысынан – Еламанов Бекмырза Қайыпұлы;
Маңғыстау облысынан – Бортник Михаил Михайлович;
Оңтүстік Қазақстан облысынан - Бектаев Әли Әбдікәрімұлы;
Павлодар облысынан – Көбенов Манап Шарапиденұлы;
Солтүстік Қазақстан облысынан – Перепечина Ольга Валентиновна;
Шығыс Қазақстан облысынан – Плотников Сергей Викторович;
Астана қаласынан – Жақсыбеков Серік Рыскелдіұлы;
Алматы қаласынан - Мұқашев Төлеубек Төлеуұлы.