Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану арқылы алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер беру немесе жүргізуші куәлігін рәсімдеп беремін деп уәде еткен 32 жастағы облыс тұрғыны қолға түсті. Бірнеше ай ішінде ол 12-ден астам азаматты алдап, ірі көлемде ақша алғаны анықталды.
Алдын ала деректер бойынша, күдікті өзін "таныстары бар" деп таныстырып, азаматтарға жүргізуші куәлігін жылдам рәсімдеп беру және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезексіз пәтер алуға көмектесуге уәде берген.
"Алайда азаматтар оған ақша тапсырған соң күдікті байланысқа шықпаған. Тергеу барысында оның алынған қаражатты тек жеке қажеттілігіне жұмсағаны белгілі болды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оған қатысты алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға және мемлекеттік қызметтерді заңда белгіленген тәртіптен тыс жолмен "шешіп беремін" дейтін адамдарға сенбеуге шақырады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!