Алматыға аты әлемге әйгілі әнші, француз шансонының патшайымы Патрисия Каас келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық мәдениет басқармасына сілтеме жасай отырып.
Алматыға аты әлемге әйгілі әнші, француз шансонының патшайымы Патрисия Каас келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық мәдениет басқармасына сілтеме жасай отырып.
Әнші Алматыға өзінің "Каас Пиафты шырқайды" атты трибьют-шоуын ала келмек. "Эдит Пиаф пен әншіні" байланыстыратын не деген сұраққа Каас былай деп жауап берді: "Пиаф екеуміз өте шыншыл және ашық-жарқынбыз. Бағыма қарай, менің тағдырым Пиафтікіндей аса күңгірт емес. Дегенмен мен де Эдит секілді талай сыннан өттім және мұндай жағдайлар шығармашылығымызда көрініс тауып жатады. Сондықтан да болар әндеріміздің мәтіндерінде аздаған ұқсастықтар бар. Екеуміз де танымалмыз және мен бұны мақтан тұтамын. Ал бүтіндей алғанда шығармашылығымыз әртүрлі, кейбір тұстарда ғана әндеріміздегі интонациялар ұқсауы мүмкін. Мен Пиафтың әндерін жақсы көремін, мен ғана емес бүкіл әлем оның әндерін сүйіп тыңдайды. Оның қайтыс болуына 50 жыл толуына орай мен Пиаф сынды ғажап әншіні еске алып, оның өнеріне тағзым еткім келді. Сондықтан да мен оның әндерінен компазиция жасадым. Сондай-ақ Лондонның корольдік оркестрі мен Фабрис Бровелли және Кристоф Корре атты музыкант электронщиктердің қатысуымен альбом жаздым", - дейді әнші.
Тағы бір айта кетерлік жайт, концерттік бағдарламаға әншінің Padam-Padam, Je T’ai Dans La Peau секілді танымал әндері және орыс тіліндегі "Ты не позвонишь", "Мне нравится, что вы больны не мной" атты әндері енген.
Каастың Қазақстанға бұл екінші мәрте келуі. Ол 2013 жылы Астанада Қазақстандағы Франция күндері аясында концерт берген болатын. Үстіміздегі жылы Францияда Қазақстаның мәдени күндері өтуде.
Патрисия Каас өзінің гастрольдік сапарларында қай елде болмасын міндетті түрде француз шарабын ішеді, француз мейрамханасынан тамақтанады, тіпті, ол ішетін минералды судың өзі француздікі болуы шарт.
Концерт 4 мамыр күні сағат 19.00-де Республика сарайында өтеді.