Павлодар облысында болған дауыл 47 миллион теңге көлемінде шығын келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысында болған дауыл 47 миллион теңге көлемінде шығын келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Павлодар облысында болған дауыл салдарынан алдын-ала есеп бойынша 47 миллион теңге көлемінде шығын келді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артуы мүмкін", - деп хабарлады аймақтың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мылтықбай Айтжанов. Оның айтуынша, аймақта болған дауыл салдарынан 33 әкімішілік ғимарат, атап айтар болсақ, әкімшілік, мектеп, емхана сонымен қатар тұрғын үйлер зақымданған. 30-дан аса ауылда электрқуаты өшіп қалған.
"Қазіргі таңда аймақта төтенше жағдайлар қорының есебінен қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кепілдік мерзімі бар ғимараттарда жұмыстар мердігерлік ұйымдардың есебінен жүргізілуде", - дейді Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов.
Сонымен қатар әкімшілікте Павлодар облысында болған дауылға байланысты басшылар жағдайдан дұрыс хабардар бола алмағандығын айтады. "Әкімшілікпен төтенше жағдайлар бөлімімен және төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметімен әріптестік әлсіз болды. Сондықтан да қала әкімі мен аудан әкімдеріне ақпаратты дер кезінде жеткізбеген адамдарға байланысты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту тапсырылды", - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.
Еске салайық, Павлодар облысында дауыл 26 сәуірде болды. Дүлей желдің жылдамдығы секундына 29-30 метрге дейін жеткен. Салдарынан бес қабатты тұрғын үйлердің көпшілігі шатырсыз қалған.