Білім күні Павлодар қаласының "Достық" шағын ауданында №48 жаңа заманауи мектептің ашылу салтанаты өтті. 1200 орынға арналған білім ордасына алғашқы күні-ақ мыңнан астам оқушы, оның ішінде 164 бірінші сынып оқушысы қабылданды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов қатысты.

Министрдің айтуынша, мектеп құрылысы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Келешек мектептері" ұлттық жобасының бір бөлігі болып табылады. Жоба аясында елімізде 217 жаңа үлгідегі мектеп салынып, жарты миллионға жуық оқушыға орын ашылады.
"Басты мақсат – барлық балаларға, тұрғылықты жеріне қарамастан, тең және заманауи білім алу мүмкіндігін жасау", – деді Ғ. Бейсембаев.

Өңір басшысы жаңа мектептің "Достық" шағын ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын толықтыра түсетінін атап өтті. Мұнда бүгінде 15 тұрғын үй пайдалануға берілген. Жақын арада 240 орындық балабақша, емхана, спорт және ойын алаңдары салынбақ. Сондай-ақ мұз айдыны, конгресс-холл және бассейні бар ірі спорт кешенін тұрғызу жоспарланған.
Үш қабатты мектеп ғимараты 10 блоктан тұрады. Мұнда екі спортзал, акт залы, 245 орындық асхана және кәсіби бағдарға арналған кабинеттер бар.

Әкімдіктің дерегінше, жаңа мектепке көршілес №21 мектептен шамамен 500 оқушы мұғалімдерімен бірге ауыстырылды.

Сондай-ақ Павлодарда "Келешек мектептері" жобасы аясында тағы бір 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның пайдалануға берілуі жыл соңына жоспарланған.