Павлодарда әйел көпқабатты үйдің терезесінен екі баласын лақтырып, кейін өзі де секіріп кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жантүршігерлік ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы мәліметінше, "103" қызметіне 30 шілдеда сағат 13:00-де қоңырау түскен.
"Жолдан өтіп бара жатқан адам Нұрмағамбетов көшесіндегі үйлердің бірінде әйел бесінші қабаттың терезесінен екі баласын лақтырып, өзі де секіріп кеткенін хабарлады. Жоғары санат бойынша оқиға орнына жедел жәрдемнің үш бригадасы жіберілді", – деп мәлімдеді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі.
Дәрігерлер оқиға орнына алты минутта жеткен.
"Екі бала ауыр хәлде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Әйел ауыр хәлде Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шәкенованың айтуынша, зардап шеккен балалардың бірі – бір жарым жаста, екіншісі – бес жаста.
"Құлау сәтінде пәтерде зардап шеккендерден басқа ешкім болмаған", – деп нақтылады Шәкенова.
Ол анасының да ауыр хәлде жатқанын айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!