Балалақша тәрбиешісі балаларды қорлады деп күдіктеліп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балалақша тәрбиешісі балаларды қорлады деп күдіктеліп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодар тұрғыны балабақшадан бес жасар баласын үйіне әкелгенде, оның денесінен дақ көріп, полицияға арызданған. Бес жасар баланың сөзінше, тәрбиеші балаларға өзінде ішіне укол салынған сиқырлы қорап барын айтып, егер күндіз ұйықтамайтын болса, онда оларға дәрі егемін деп қорқытады екен. "Менің балама бір нәрсе қолданып, соның кесірінен оның қолында дақ пайда болды",- деп ұлдың анасы полицияға шағымданған.
Полицейлердің айтуынша, балаға сот-медициналық сараптама тағайындалған. Нәтижесінде, оның ата-анасының күдігі расталды. "Баланың денесіндегі дақ бір затпен ұрғаннан пайда болғаны дәлелденді. Алайда сарапшылар уколдың да ықтималдығын жоққа шығарған жоқ. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бабы Қылмыстық кодекстен алынып тасталғандықтан, тәрбиешіге қатысты іс материалдары әкімшілік сотқа жолданған", - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Бұл ретте балаларды қорлады деп күдіктелген педагог өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол балаларды уколмен үркітіп қою тек психологиялық әдіс қана екендігін айтты. Дегенмен қазірдің өзінде балабақша басшылығы соттың істі қарау нәтижесін күтпестен, екі қызметкерін жұмыстан шығарып жіберген. Осы оқиғадан кейін балалардың ата-аналары топтарда бейнебақылау орнатуды талап еткен. Бейнебақылау мектепке дейінгі мекеменің дәлізіне дейін қамтылу керектігін айтқан.