Павлодарлық оқушылар жоғалып кеткен қарияны қала зиратының маңындағы үш метрлік шұңқырдан тапты. Қалжыраған зейнеткер терең арықтың түбінде бірнеше сағат отырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодарлық оқушылар жоғалып кеткен қарияны қала зиратының маңындағы үш метрлік шұңқырдан тапты. Қалжыраған зейнеткер терең арықтың түбінде бірнеше сағат отырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жасөспірімдер есте сақтау қабілеті нашар қарт адам жоғалып кеткенін қалада жапсырылған қағаздардан білген. Онда қария таңертең үйден белгісіз бағытта шығып кеткені жазылған.
Фото мен видеоны еріктілер ұсынды
Еріктілер жақын маңдағы үйлер мен аулаларды аралап жүргенде, мектеп оқушылары ескі қалалық зират пен оған іргелес аумақты тексеруді ұйғарған.
"Зираттың маңынан құрғақ бұталар мен кірпіш сынықтары бар терең шұңқырды көрдік. Оның ішінде ата отырды. Ол бүгіліп отырды, сөйлей алмады. Дамир екеуміз төменге түсіп, орнынан тұруға көмектестік, ал Артур, Әнуар, Әділ және Санжар оны жоғарыға көтерді", - дейді 8-сынып оқушысы Рафаэль Ғиниятов.
Жасөспірімдердің айтуынша, қарт кісі шөлдеп, қатты ашыққан. Оқушылар оны жақын маңдағы дүкенге апарып, су мен тамақ алып берген. Осы аралықта сатушы қарияны іздеп жатқандарға телефон соғып, олар мектеп оқушыларымен бірге қарт кісіні үйіне апарған.
Жергілікті еріктілердің айтуынша, қария осы оқушылардың арқасында туған-туыстарына орала алды.
"Біз ол зиратқа барады деп ойламадық. Оны 12 сағатқа жуық іздеп, Павлодардың № 41 және № 11 мектеп оқушылары - Рафаэль Ғиниятов пен оның достары Дамир Жаманбай, Артур Ракоедов, Әнуар Темірғалиев, Әділ Алмазбеков және Санжар Әбдікәрімовтің көмегімен таптық. Балалар атаның өмірін құтқарып қалды десем артық айтқаным емес. Ол қалжыраған, тіпті көмекке шақыра алмады. Балалар оны байқап, шұңқырдан шығарғаны ғажайып. Өзі шыға алмас еді", - деп атап өтті "Павлодар қаласының VITA іздеу жүйелері" ҚБ еріктісі Людмила Былинина.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!