Павлодарлық имамдар WhatsApp мессенджері арқылы сұрақ-жауап желісін ашты, - деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайты "Мәшһүр Жүсіп" мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодарлық имамдар WhatsApp мессенджері арқылы сұрақ-жауап желісін ашты, - деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайты "Мәшһүр Жүсіп" мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысындағы орталық "Мәшһүр Жүсіп" мешітінің имамдары 14 наурыздан бастап ватсап желісі арқылы "Сұрағым бар.pvl" тобын ашып, діни сұрақтар мен қоса жастар өміріне қатысты мәселелерге жауап беруді қолға алды.
"Дәл бүгінгі күні "Сұрағым бар.pvl" атты ватсап желісінде мешіт имамдары, наиб имамдар, азаншылар, ұстаздардан құралған 96 қатысушы бар. Олар арқылы 2 аптаның ішінде желіге ақида, қарым-қатынас, отбасы құқығы, мешіт істеріне қатысты 105 сұрақ келіп түсіп, имамдардан тиісті жауаптарын алуда. "Сұрағым бар.pvl" тобының әкімшісі және сұрақтарға жауап беруші маман - "Мәшһүр Жүсіп" орталық мешітінің наиб имамы, медресе ұстазы Хасан Аманқұлов", - деп хабарлады мешіттің баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ, баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысы бойынша 128 діни қызметкер жұмыс істейді. "Олардың білім деңгейі де, тәжірибесі де әртүрлі. Имам-молдалар және жамағат тарапынан, әсіресе жастардан күнделікті түсіп жатқан сұрақтар өте көп.Бұл істің негізгі мақсаты өңіріміздегі имам-молдалардың білімін көтеру, жастарды жат ағымдардан сақтандыру және мониторинг жасап, ізденіс бағытын анықтап, болашақта жергілікті имамдарға нақты мәселелер бойынша семинарлар ұйымдастыру болмақ. Кейіннен сұрақ-жауаптарды жинақтап, кітапша шығаруды ұйғарып отырмыз", - деді өкіл имам Нариман Ермекұлы.