Петропавлда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Мұқаш Қабдиров бес жылдан бері әділдік іздеп жүр, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Петропавлда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Мұқаш Қабдиров бес жылдан бері әділдік іздеп жүр, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұрғынға қала әкімдігі мемлекеттен берілуі тиіс үш бөлмелі үйдің орнына бір бөлмелі үй берген. Қазір оның өзін кері қайтарып алайын деп отыр. Осылайша, қария амалсыз сотқа жүгінген.
Саяси құғын-сүргін жылдары оның анасы Кавказдан Қазақстанға жер аударылған. Ұзақ уақыт бойы олар арнайы комендатурада есепте тұрып, солақай саясаттың қасіретін тартқан. Бірақ уақыт өте келе ақталған. Елімізде қабылданған заңға сәйкес, мұндай жандар тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болса, кезектен тыс баспана алуға құқылы. Осылайша, ол 2017 жылы отбасымен әкімдікке кезекке тұрған.
"Үш жылдан бері қозғалыс жоқ. Барып сұрасам "қараймыз, қараймыз" дейді. 2020 жылы "неге маған пәтер бермейсіңдер?" деп қайта арыз жаздым. Айта берсең, оның әңгімесі көп. Олар "жоғалып кетті, үйтті-бүйтті" деп, тағы соза бастады. Ақырында 2020 жылы 21 қазанда маған тұрғын үй комисссияның шешімімен 1 бөлмелі үй берді", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Мұқаш Қабдиров.
Телеарна мәліметінше, Қабдировтар отбасына үш бөлмелі пәтер берілуі тиіс екен. Оның үстіне қалалық әкімдіктегілер баспананы тек жалға берген. Әлі күнге үйдің ешқандай құжаты жоқ. Сондықтан ақсақал сотқа жүгінген.
"9 ай менің арызыма не телефоныма жауап бермеді. Амал жоқ, сотқа бердім. Бірінші сот отырысында шағымымды қолдамады. Кейін облыстық сотқа шағым жаздық. Облыстық сотта "мынау бірінші соттың судьясының шемімі дұрыс емес, жағдайы анық жазылмаған" деп оның шемімін жойды. "15 ақпанға дейін мына азаматтың сұрағын шешіп беріңдер" деп, бізге, әкімшілікке уақыт берді", - дейді ол.
Бірақ 72 жастағы қарияның мәселесі әлі шешілмеген. Енді әкімдіктегілер ақсақалға берген үйді қайтарып алғысы келеді екен.
"Иә, заң бар. 1993 жылы қабылданды. Яғни мемлекет мұндай азамттарды барынша қолдайды. Бірақ жергілікті жерлерде бұл тапсырма орындалмай отыр. Қажет құжаттар бар. Сондықтан қазір Жоғарғы сотқа арыз дайындап жатырмыз", - дейді адвокат Елена Игнатенко.
Ал бұл мәселе бойынша қалалық әкімдік өкілдері сұхбат беруден бас тартқан. Олардың айтуынша, мәселенің ақ-қарасын сот шешуі тиіс.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!