Астананың сол жағалауындағы дипломатиялық қалашықта орналасқан серуендеу аллеясының жағдайы мүшкіл. Бұл учаскенің қазіргі көрінісі қандай және ол қашан абаттандырылады? Мұны Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Аллея Сарайшық пен Қонаев көшелерінің аралығында, Rixos Astana қонақ үйі маңына жанында орналасқан.
Аллея орналасқан дипломатиялық қалашықта дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйым қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер бар. Дегенмен серуендеу аймағының жағдайы оның мәртебесіне сай келмейді.
Плиткалардың кейбір тұстары бүлінген, баспалдақтағы тас төсемдер шөккен.
Субұрқақ бойындағы плиткалар ажырап, түсіп жатыр.
Шамдар әртүрлі, кей жерлерде тіпті жоқ.
Кейбір шамдардан сымдар шығып тұр.
Қоқыс жәшіктері де ішінара қираған - кейбірінің тіреуіші сынған.
Қаптама плиткалары тұтастай қопарылып түсіп жатыр.
Аллея айналасындағы бүкіл аумақ көлікке толы. Жергілікті тұрғындар Tengrinews.kz тілшісіне бұрын бұл аумақ шлагбауммен жабылғанын, ал кейінгі бір-екі жылда ашық тұрғанын айтты.
Кей жерлерде ішінара жөндеу жұмыстарының ізі байқалады: плиткалардың жекелеген учаскелері ауыстырылған, жаңа шамдар орнатылған, бірақ барлық жерде емес.
Сонымен қатар аллея бойында жасыл желек көп, ортасында қобыз түріндегі субұрқақ орнатылған және жануарлар мүсіні қойылған.
Есіл ауданының әкімдігі 2025 жылы бұл учаскеде ішінара жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Ведомство ақпараты бойынша, биыл аллеяны жаңартып, тиісті қалыпқа келтіру жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.
Тағы оқыңыз: Астанада жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады