Премьер-министр Олжас Бектенов отандық автокөліктерді сатып алуға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов отандық автокөліктерді сатып алуға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет отырысы барысында премьер-министр өңдеуші секторды және ең алдымен машина жасауды жедел дамыту Қазақстанның экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етудегі қозғаушы күші болуға тиіс екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы индустрияландыру экономиканы әртараптандырудың негізгі драйвері болуға тиіс екенін атап өтті. Соңғы бес жылда машина жасау үш есе өсті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 4 триллион теңгеден асты. Былтыр машина жасауға шамамен 621 миллион доллар тікелей инвестиция тартылды, бұл рекорд көрсеткіш", - деді премьер.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанның машина жасау өнімдері нарығының сыйымдылығы 31,6 миллиард долларға бағаланып отыр.
"Оның 16 пайызы ғана отандық өндірістің үлесіне тиесілі. Сондықтан саланың өсу әлеуеті өте үлкен. Экспортты дамытуда да айтарлықтай мүмкіндіктер бар", - деді Бектенов.
Премьер-министр өзінің жұмыс сапарлары барысында көптеген машина жасау кәсіпорындарын аралап, қазақстандық зауыттардың әлемдік стандарттарға сәйкес келетін өнім шығару қабілетіне көз жеткізгенін атап өтті.
"Отандық аккумуляторларды, трансформаторларды, кабельдерді, локомотивтерді, автомобильдерді, автобустарды жарқын мысал деп атауға болады. Бұл өнімдер сыртқы нарықтарға сәтті жеткізілді. Біз әрқашан отандық өндірушілерді қолдаймыз. Біз экономикалық патриотизмді ұстануымыз керек екеніне сенімдімін – қазақстандық өнімді белсенді түрде сатып алып, оны сыртқы нарыққа шығаруымыз керек", - деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!