Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы кеңейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы кеңейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин хабарлады. Оның айтуынша, қазір ҰҚСК-де 48 адам бар (44 болған).
"Ұлттық кеңестің құрамына Маңғыстау облысының қоғам қайраткері Уаис Ерсайынұлы, танымал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов, кәсіпкер, Аltyn Kyran Халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов кірді. Сонымен қатар, ротация аясында Ұлттық кеңес құрамынан Ауыт Мұқибек шығарылды", - деп жазды Қарин Telegram-арнасында.
Қазіргі уақытта алтыншы отырысқа дайындық аясында өңірлерде ҰҚСК мүшелерінің іс-шаралары өтіп жатыр. Отырыс бағдарламасы бойынша, ҰҚСК мүшелері қоғамдық кеңестер өкілдерімен, азаматтық белсенділермен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен жұмыс бойынша кездеседі.
"Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар жасалады, оларды Ұлттық кеңестің келесі отырысында қарау жоспарланып отыр", - деді Қарин.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау.
Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері:
- тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу;
- жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау;
- жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;
- өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!