Қазақстан Үкіметі Президенттің Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттерді орындау аясында елдің Жалпыұлттық жоспарын мақұлдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Үкіметі Президенттің Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттерді орындау аясында елдің Жалпыұлттық жоспарын мақұлдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Жалпыұлттық жоспардың жобасы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жеті бағыт пен бес бастама бойынша 102 іс-шарадан тұратынын айтты.
Кәсіпкерлікті дамыту үшін 2022 жылы "қарапайым заттар экономикасы" және "Бизнестің жол картасы" бағдарламаларын іске асыру жалғасады. Жалпы қаржыландыру көлемі бір триллион теңгеден кем болмайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алу жеделдетіледі. Медициналық бұйымдарды зертханалық және техникалық сынақтан өткізу орталығын құру жоспарланды.
"Білім туралы" заңға үлгілік оқу жоспарларын алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.
Мұғалімдерді үш жылда бір рет қайта оқытуды ұйымдастыру жоспарланды.
Қашықтан оқыту форматтары үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру жалғастырылады, сондай-ақ "Цифрлық мұғалім" жобасы іске асырылады.
"Агломерацияларды дамыту туралы" заң әзірленеді.
Бекітілген жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес өңірлерді дамыту жоспарларын өзектендіру көзделеді.
Стратегиялық инвесторлармен бірлесіп кемінде 2400 мегаватт жаңартылатын энергетика қуаты іске қосылады.
Орта мерзімді перспективада газдандыруды жүргізу және неғұрлым ластанған 10 қаланы баламалы энергия көздеріне көшіру жоспарланды.
Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде барлық қала мен ауыл таза ауыз сумен қамтылады.
Ресурстарды ұқыпты пайдалану мақсатында 120 канал қайта жаңартылып, тоғыз жаңа су қоймасы салынады.
Бюджеттік процестерді оңайлату, төрешілдікті түбегейлі азайту және цифрлық құралдарды қолдануды кеңейту бойынша заңнамалық түзетулер енгізіледі.
Жергілікті бюджеттердің абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағдарламаларында "халықтың қатысуы" бюджетінің үлесі ұлғайтылады.
"Кәсіптік біліктілік туралы" Заң және жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігі әзірленеді.
Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді.
Елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта форматтау көзделеді.
Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті есепке алу туралы нормалар заңнамалық тұрғыдан бекітіледі, сондай-ақ квоталанатын азаматтар санаттарының тізбесі кеңейтіледі.
Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі.
Алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін әзірлеу жоспарланды.
Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бес бастамасын іске асыру мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылады:
- біріншіден, ең төменгі жалақы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады;
- екіншіден, бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға ынталандыру шаралары әзірленеді;
- үшіншіден, ЕТҚ жүктемесін 2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу жоспарланған;
- төртіншіден, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20 пайызға ұлғайту көзделіп отыр;
- бесіншіден, тұрғын үй сатып алу үшін "Отбасы банкінің" шотына ең аз жеткіліктілік шегінен жоғары зейнетақы аударымдарының бір бөлігін аудару мүмкіндігі беріледі.
"Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жүргізіліп жатқан мемлекеттік және экономикалық саясаттың жаңа міндеттерін айтты. Жолдауды іске асыру үшін Жалпыұлттық жоспар әзірленді, ол Мемлекет басшысының жолдауының негізгі бағыттары мен бастамалары бойынша міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталған", - деді премьер-министр Асқар Мамин.
Ол Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың тұрақты және сапалы өсуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру жүйесін, мәдениет саласын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін қалыптастыру бойынша белсенді шаралар қабылдайтынын, Үкімет жұмысының маңызды бағыты Мемлекет Басшысының біздің азаматтарымыздың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру екенін айтты.
"Жалақыны арттыру, жеке сектордың үлесін арттыру, салық жүктемесін азайту арқылы халықтың нақты кірістерінің өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ұсынылған Жалпыұлттық жоспар қойылған міндеттерге толық жауап береді. Барлық басшылардың назарына: жоспардағы іс-шаралардың сапалы, уақтылы орындалуына жауаптысыз", - деп түйіндеді Мамин.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!