Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алда ауқымды жұмыс тұрғанын, мемлекетті жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!" - деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды.
"Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет".
"Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр", - деді Президент.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!