Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық канцлер Олаф Шольцке, Орталық Азия елдерінің президенттері мен неміс компанияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия – Германия» форматындағы екінші кездесу санқырлы серіктестікті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті.
Қазақстан Президентінің айтуынша, жан-жақты пікір алмасулар мемлекеттер басшыларының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растайды.
"Германия мен өңірдегі мемлекеттердің арасындағы байланысқа ұдайы дәнекер болып келе жатқаны үшін Германия экономикасы Шығыс комитетіне ерекше алғыс айтамын. Германия – экономикалық және технологиялық инновация саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл елдің өнімдері өзінің сапасымен әйгілі. Ал Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор әрі өзара тиімді серіктестікке мол мүмкіндік ашатын аймақ. Орталық Азия – Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан технологияны трансферттеу, өндірісті локализациялау және қосылған құны жоғары өнім шығару ісінің орталығы бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі салада ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Аса қажетті шикізатты игеру, энергетика, көлік және логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технология сияқты салалардағы кооперацияны одан әрі нығайтудың перспективасы мол", – деді Мемлекет басшысы.
Президент кездесуге қатысушылар достық және сындарлы сипатта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылауға мүмкіндік алғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев идея мен тәжірибе алмасу өңірдегі мемлекеттердің жан-жақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ашық және мазмұнды диалог үшін кездесу қатысушыларына алғыс айтты.
"Біздің жан-жақты талқылауларымыз Орталық Азия мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың түрлі салада мол әлеуетке ие екенін көрсетті. Өңіраралық экономикалық кооперацияға тың серпін беретін ауқымды мәселелерді қарастырдық. Оның ішінде, инфрақұрылым мен энергетикадан бастап технология мен инновацияға дейінгі салалар қамтылды", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған Экономикалық кеңес құру туралы ұсынысты қолдады. Аталған орган неміс инвестициясын тартуда және Орталық Азия мемлекеттері мен Германия арасындағы өзара ықпалдастықтың орнықты институционалдық базасын қалыптастыруда белсенді рөл атқара алады.
Жиында ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Siemens Energy AG компаниясының басқарма төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитеті төрағасының орынбасары Кристиан Брух, KNAUF Gruppe компаниясын басқарушы серіктестердің өкілі Александр Кнауф, Ernst Klett AG компаниясының бас атқарушы директоры Филипп Хаусманн, DB E.C.O. Group компаниясының атқарушы кеңесінің төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының өкілі Нико Варбанофф, Siemens Healthineers AG компаниясының басқарма төрағасы Берндт Монтаг, CLAAS Group компаниясының басқарма төрағасы Ян-Хендрик Мор сөз сөйледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!