"Өзіңіз ойлағандай ақылдысыз ба?", "Түпсанаңызда не бар?", "Психопат емессіз бе? Тексеріп көріңіз", "Қандай типке жататыныңызды анықтайтын тест", "Сіздің мінезіңіз туралы айтатын тест", "Жарыңыз қандай болуы керек?" деген секілді психологиялық тесттерді Желіден жиі байқауға болады. Tengrinews.kz психологтар Іңкәр Әлиева және Серікгүл Салимен сөйлесіп, осындай тесттер туралы сұрап көрді.
"Өзіңіз ойлағандай ақылдысыз ба?", "Түпсанаңызда не бар?", "Психопат емессіз бе? Тексеріп көріңіз", "Қандай типке жататыныңызды анықтайтын тест", "Сіздің мінезіңіз туралы айтатын тест", "Жарыңыз қандай болуы керек?" деген секілді психологиялық тесттерді Желіден жиі байқауға болады. Tengrinews.kz психологтар Іңкәр Әлиева және Серікгүл Салимен сөйлесіп, осындай тесттер туралы сұрап көрді.
Серікгүл Салидың айтуынша, психологиялық тест адамның психотипіне де байланысты болады. Дегенмен осындай тесттер адамды толық сипаттап бере алмайды деу дұрыс емес.
"Бәрінің қызығатын дүниесі - өзі туралы білгісі келуі. "Сіз туралы айтып беремін" дегенде, елең етпейтін адам жоқ. Сондықтан бұл әрқашан сұраныста әрі өзекті саналады", - деді маман.
Маман түрлі психотип барын, соған сай тесттер жасалатынын айтты.
"К.Юнг "ең қауіпті нәрсе - адамның танылмаған психикасы" дейді. Психоанализ бойынша адамның сегіз түрлі психотипі бар. Соған сай әркімнің өзіне тән түсі, ыңғайлы геометриялық пішіні, қолайлы ортасы бар. Осылайша, адамның типіне байланысты тесттер жасалады. Бұл арт-терапияда да қолданылады. Бірақ нақты сипаттайды деу дұрыс емес. Өйткені адамның ішкі күйін толық сипаттау мүмкін емес. Сонымен қатар, қазір білім-ғылымның заманы. Кез келген нәрсеге сенуге болмайды", - деді психолог.
pinterest.ru
Психолог Іңкәр Әлиеваның айтуынша, психодиагностикада тест, суреттер жиынтығын таңдату секілді әдістер кеңінен қолданылады. Оның түрлі бағыттары бар. Мамандар әдетте оны жеке тұлғада қандай мәселе барына байланысты пайдаланады. Сонымен қатар, метафоралық ассоциатив карталар да болады. Оның жеке қарым-қатынасқа, қаражатты ұстауға байланысты түрлері болады.
"Метафоралық ассоциатив картаның сан алуан түрі бар. Қорқынышқа байланысты, басқа да психологиялық күйге байланысты түрлері болады", - деді ол.
Метафоралық ассоциатив карталар психологиялық әдістің көп кездесетін түрі саналады. Мамандар кейде оны адамның психологиялық күйін анықтауға қолданады.
"Бұл карталар адамның ішкі әлеуетін арттыруға да көмектеседі. Олар әдетте психологиялық мәселелерді шешу және анықтауда қолданылады. Оған түрлі ойындар мен суреттер жиынтығы жатады. Дегенмен тесттер жүз пайыз нақты емес. Өйткені ол дүниені тануына, ассоциациясына байланысты. Ал ол әрі қарай сұхбат барысында, әңгіме барысында ашыла түседі", - деді психолог.
Оның айтуынша, ғаламторда тараған тесттер, метафоралар болжам ғана.
"Психологтар көріпкел емес. Өйткені олар осындай карталарды берумен ғана шектелмейді. Әрі қарай сөйлеседі, сұрақ қояды. Неше түрлі адам жүгінеді. Кейбіреулер тұйықтау болады, маманға жүгінген кезде бірден бәрін айта қоймайды. Маман осындай мәселемен жүгінген адамдағы проблеманың ядросына жете білуі қажет", - деп түйіндеді маман.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!