10 мамырда Назарбаев университетінен Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы - QazaqGeography экспедициялық тобы Арал теңізіне бағытталған ғылыми-танымдық кезекті сапарына аттанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
10 мамырда Назарбаев университетінен Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы - QazaqGeography экспедициялық тобы Арал теңізіне бағытталған ғылыми-танымдық кезекті сапарына аттанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Солтүстік-Оңтүстік Аралға арналған "Арал-2018" ғылыми-танымдық экспедициясы 2018 жылдың 10-29 мамыр аралығында өтеді.
Ғалым-гидробиологтар мен картографтар экспедициясы құрамында Massaget.kz және Tengrinews.kz журналист-фотографтары бірге жүреді. 2018 жылы Назарбаев Университетінің гидробиолог ғалымдарымен бірге, зерттеу спектріне Оңтүстік Арал да кіреді. Ғылыми сынамалардың нәтижелері бойынша планктондық топтанулардың биоалуантүрлілігі, судың ластығы, қышқылдығы, тұз, фосфор деңгейі туралы деректер жиналады, ол Солтүстік және Оңтүстік Арал экожүйесінің дамуындағы трендті алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, экспедиция Арал өңірі бойынша туристік бағыттар картасын жасау, бірегей фото және бейнематериалдарды жинау мақсатын көздейді.
"Бұл QazaqGeography экспедициялық тобының Арал теңізіне жасап отырған үшінші ғылыми-танымдық сапары. Бұл жылы да сапар Назарбаев университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып жасалып отыр. Зерттеулер ауқымына Оңтүстік Арал теңізі де кіреді", - дейді QazaqGeography қоғамының басқарма төрағасы Қанат Байғарин.
Сапардағы 19 күннің ішінде экспедиция құрамындағы 20 адам 5 жол талғамайтын көлікпен Қазақстан және Өзбекстан аумағындағы 7 мың шақырымды басып өтеді. "Сапар мына бағыттар бойынша: Астана - Қарағанды - Балқаш - Шу - Тараз - Шымкент - Ташкент - Самарқанд - Бұхара - Ургенч - Нукус - Мойнақ - Арал теңізі - Бейнеу - Бозой - Арал теңізі - Арал - Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Астана арқылы өтеді", - дейді экспедиция басшысы Нұржан Алғашов.
"Авалон" тарихи-географиялық қоғамының президенті Виталий Шуптар атап өткендей, трансшекаралық туризмнің дамуы Орталық Азия елдері үшін өте маңызды, өйткені туристер Орталық Азия елдеріне кластер арқылы барады. Экспедиция Арал аймағы үшін туристік карталарды және трансшекаралық бағыттарды жасауға көмектеседі.
2016 жылы Қазақстан Ұлттық Географиялық Қоғамының экспедиция құрамында Назарбаев Университетінің ғалымдары тобымен бірге Солтүстік Арал теңізінің бірнеше бөлігіндегі судың гидробиологиялық жай-күйін зерттеді. Сол кезде ғалымдар Солтүстік Арал теңізінің орташа тұздылығының төмендеуін байқаған, бұл Солтүстік Аралдағы экологиялық жағдайдың жақсаруын алдын-ала болжауға өз септігін тигізді.
QazaqGeography қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы бес бағытта жұмыс істейді: география, климат, қоршаған орта, табиғат ресурстары, биоалуантүрлілік, туризм, саяхат, өлкетану, тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазіргі уақытта Қазақстанда 11 өкілдік ашылған. QazaqGeography жобаларды Еуразиялық Топ (ERG), KAZ Minerals ("Шығыстүстімет" ЖШС) демеушілік қолдауымен жүзеге асырады.