Ресей Байқоңырдың барлық жұмысшысы мен ғарыш айлағының маңында тұратын адамдардың денсаулығын шұғыл түрде тексереді. Оған жергілікті тұрғындардың зымырандар ұшуына байланысты денсаулықтың нашарлағаны туралы шағымдары себеп болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Telegram-дағы Mash арнасына сілтеме жасап.
Telegram арнадағы мәлімет бойынша, "Космос-21" деп аталатын зерттеу 2021 жылдың 30 қарашасына дейін жалғасады. Оған шамамен алты миллион рубль жұмсау жоспарланып отыр.
"Федералды медициналық-биологиялық агенттікті соңғы бес жылда, 2016-дан 2021 жылға дейін қазақ даласында тұратын адамдардың денсаулығы қалай өзгергені қызықтырады. Жергілікті тұрғындар экологиялық жағдайға шағымданған. Зымырандардан гептил төгіліп жатыр, адамдардың әл-ауқаты зардап шегеді", - деп жазылған Mash арнасында.
Ақпарат бойынша, агенттік мамандары Байқоңыр қаласының демографиясын талдайды: қанша адам дүниеге келді, қаншасы қайтыс болды. Жиналған деректер мамандарға ғарыш айлағы қызметкерлерінің денсаулығы қандай екенін түсінуге көмектеседі және олар үшін емдеу мен аурудың алдын-алудың жеке жоспарын жасайды.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халықаралық бағдарламаларға белсенді қатысып, ғарыш технологияларын меңгеретінін мәлімдеген болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!