Ақордада экономикалық блоктың министрлері Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі қалыптасқан экономикалық жағдай жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақордада экономикалық блоктың министрлері Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі қалыптасқан экономикалық жағдай жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әлемдік экономикадағы ахуалдың күрделенуі жағдайында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша елдегі ІЖӨ-нің өсімі 1,5 пайызға төмендегенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей рублінің девальвациясы отандық азық-түлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін қосымша қиындықтар тудырды.
"Осыған байланысты бұрын егін шаруашылығын дамытуға, сүт, құс еті, жұмыртқа, шошқа еті өндірісін субсидиялауға бағытталған 6 миллиард теңге көлеміндегі қаражат қайта бөлінді. Қорытындысында өндіріс көлемі 10 пайызға және одан да жоғары мөлшерге дейін ұлғайтылып, ал құс шаруашылығы бойынша біз осылайша 12 мыңнан артық жұмыс орнын сақтап қалған болып шығамыз", - деді Сағынтаев.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары салалық бағдарламалар аясында қаражатты игеру мониторингі өткізілгенін де айтты. "Біз "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша 73 миллиард теңгенің игерілмей қалу қаупі барын анықтап, бұл қаражатты тиімді жүзеге асырылып жатқан бағыттарға беру жөнінде шешім қабылдадық. Мәселен, 8,8 миллиард теңге Астана-Павлодар-Өскемен жолының құрылысына бөлінетін болады. Тағы 6,6 миллиардты тұрғынүй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту аясында қайта бөлгіміз келеді", - деді Сағынтаев.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджетке түсімдердің айтарлықтай азайып кеткеніне тоқталды. "Импорт көлемі 38 пайызға төмендеп, соның салдарынан кедендік баж салығынан түсетін түсімдер екі есе азайды. Мұнай бағасы екі есе арзандады, соған байланысты экспорттың кедендік баж салығы түсімдері үштен бір мөлшерге азайды. Нәтижесінде бюджеттің кірісі 22 пайызға төмендеді. Бұл ретте былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шығыстардың өсу қарқынын ең алдымен Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферттер есебінен 103,4 пайыз деңгейінде ұстап тұрудың сәті түсті", - деді Сұлтанов.
Сондай-ақ қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылмен салыстырғанда республикалық бюджет қаражатының игерілмеген сомасы 2 есе азайып, 41 миллиард теңге болғанын айтты. "Ал жергілікті бюджеттерде бұл көрсеткіш жоғарырақ – шығыстар бөлігінде 3 пайызға таяу, 51 миллиард теңге болады", - деді қаржы министрі.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев индустриялық саясаттың жаңа жағдайларға бейімделуі аясында 14 сектордың мейлінше перспективалы 4-еуіне баса ден қойылатынын атап өтті.
"Бұл - түсті металлургия, тыңайтқыш және агрохимиялық өнім өндірісі, мұнай-газ химиясы мен азық-түлік өнеркәсібі. Біз әрбір акционерлік кәсіпорынмен жылдың соңына дейін ұзақмерзімді келісімдерге қол қою ниетіндеміз. Біз оларды тіпті мемлекеттік кепілдік арқылы қолдауға әзірміз. Олар өз кезегінде табысын елде қалдыру жөнінде мойнына міндеттеме алуға, геологиялық барлаумен айналысуға және жергілікті кәсіпорындарды қолдауға тиіс", - деді ол.
Инвестициялар және даму министрі машина құрастыру, құрылыс материалдары өндірісі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп сияқты салалар өнімдеріне ішкі сұраныстың азайғанына назар аударды.
"Осыған байланысты біз тек не трансұлттық компаниямен, не Қазақстанның озық компанияларымен серіктес болып отырған қуатты кәсіпорындарды қолдау ниетіндеміз. Жаңғыртумен айналыспаған кәсіпорындар банкрот болып жатқанда мейлінше қуатты компаниялар жұмысты жалғастырып жатқанын көріп отырмыз, бұл жайт біздің жұмыспен қамту бағдарламамызда ескерілетін болады", - деді Инвестициялар және даму министрі.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету аясында 2020 жылға қарай инфляцияны бұдан әрі 3-4 пайызға дейін төмендету міндеті қойылып отырғанын, ол инвестиция тарту үшін тұрақты жағдай қалыптастыратынын айтты. Досаев прогрессивті өлшем орнықтыруды көздейтін, экспорттың кедендік баж салығына деген көзқарасты өзгерту жоспарына назар аударды. Бұл шара мұнай компанияларының бәсекеге қабілеттілігін өзіндік қолдау болып саналады.
Мұнымен қатар, ұлттық экономика министрі бөлшек сауда мен қоғамдық тамақтану орындарын әкімшілендіру ісін жақсарту үшін бөлшек салық салуды енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Досаев 2017 жылға дейін мемлекеттің шағын және орта бизнес кәсіпорындарынан шығуы жоспарланып отырғанын атап өтті.