Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Кемеровтегі қайғылы оқиғадан кейін барлық қазақстандық сауда орталығын тексеруді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Кемеровтегі қайғылы оқиғадан кейін барлық қазақстандық сауда орталығын тексеруді тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Назар аударуымыз тиіс проблема. Ресейдің Кемеров қаласында қайғылы оқиға болғанын бәрі біледі, сауда орталығында өрт шығып, көп адам қаза тапты, арасында 35 бала бар. Бұдан сабақ алуымыз қажет. (...) Бұл проблема қазір әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр, блогерлер өз бетімен ойын-сауық орталықтарына барып, тексеріп, апат есіктерінің ашық тұрғанына көз жеткізіп жатыр. Осы себепті ІІМ, өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірге осы сауда орталықтарын тексеріп, қажетті шараларды қабылдауы қажет", - деп тапсырды Сағынтаев үкімет отырысында.
Бұл іске бақылау жүргізуді премьер-министр орынбасары Асқар Маминге тапсырды.
Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин де қазіргі уақытта Кемеровте. Осыған дейін Ресей президенті Кемеровтегі 64 адамның өліміне әкеп соққан "Зимняя вишня" сауда үйінде болған өрттің неден шыққанына қатысты пікір білдірген болатын.
"Бізде не болып жатыр, бұл әскери қақтығыс емес, кен орнындағы метанның шығып кетуі емес қой. Адамдар демалуға келді, балалар. Демография туралы айтып, осынша адамды неге жоғалтып отырмыз? Бұл қылмыстық салғырттықтан, бос белбеуліктен болды", - деген еді Путин өрт салдарын жоюға арналған Кемеровтегі жиын барысында.
Еске салайық, 25 наурызда Ресейдің Кемеров қаласындағы сауда орталықтарының бірінде ірі өрт болған еді. Апаттан 64 адам қаза тапқан еді, оның ішінде балалар да бар. Өрт жоғарғы қабаттан шыққан. Өрт аумағы - мың жарым шаршы метр.