ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 23 маусым 2026 17:05
Сағатына 20 шақырымнан жылдамырақ: әкімдік Алматыдағы LRT параметрлерін нақтылады
Болашақ LRT желісінің сыйымдылығы мен жылдамдығына қатысты мәліметтер кейбір алматылықтардың күмәнін тудырды. Осыған байланысты қала әкімдігі бұған дейін жарияланған ақпаратқа түзету енгізді. Толығырақ – Tengrinews.kz материалында.
Болашақ LRT желісінің сыйымдылығы мен жылдамдығына қатысты мәліметтер кейбір алматылықтардың күмәнін тудырды. Осыған байланысты қала әкімдігі бұған дейін жарияланған ақпаратқа түзету енгізді. Толығырақ – Tengrinews.kz материалында.
Не болды?
Бұған дейін Tengrinews.kz әкімдік деректеріне сілтеме жасай отырып, болашақ алматылық LRT-ның кейбір техникалық сипаттамаларын жариялады. Онда құрамның орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 20 шақырым, ал есептік сыйымдылығы 165 жолаушы екені айтылған.
Бұл сандар қала тұрғындарының тарапынан сын мен келемеж толқынын тудырды. Алматылықтар пікірлерде болашақ LRT-ны жүгірушілер және велосипедшілермен салыстыра бастады:
- "Сағатына 20 шақырым?! Шын ба?"
- "Велосипед LRT-дан жылдам екен”.
- "Велосипед бұдан тез жүреді, бұл не деген жылдамдық? Оған кім мінеді?"
Әкімдіктің жауабы
Қала әкімдігі мәліметтерді нақтылады. Жаңа есептеулерге сәйкес, вагондар айтарлықтай кеңейіп, көліктің өзі жылдамырақ болмақ. Енді жылжымалы құрамның техникалық сипаттамалары мынадай:
- Есептік сыйымдылығы: 285 жолаушы (бұрын мәлімделген 165-тің орнына);
- Орташа қозғалыс жылдамдығы: сағатына 35 шақырым (бұрынғы 20-ның орнына).
Сонымен қатар жобаны қаржыландыру және бөлу схемасы өзгеріссіз қалды. Әкімдік мәліметінше, қазіргі техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әлі де тек инфрақұрылымды: эстакадаларды, станцияларды, инженерлік желілерді және ілеспе нысандарды қамтиды.
"Вагондарды сатып алу жылжымалы құрамды жеткізуді, іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуді, сынақтан өткізуді және пайдалануға беруді қарастыратын жеке жоба аясында жүзеге асырылады деп жоспарланған. Аталған жоба бойынша тиісті құжаттама әзірленіп, кейін белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өтеді", – деп нақтылады әкімдіктегілер.
LRT үшін вагондарды жеткізуші әлі анықталған жоқ - техникалық сипаттамалар әлі де пысықталып жатыр және түзетілуі мүмкін.
Жобаның түпкілікті құны мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады.
Алматыдағы LRT құрылысы
Бұған дейін Алматыда Төле би көшесінің Саин көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі аралығында трамвай рельстерін демонтаждау басталды. Әкімдік бұл жұмыстар болашақ LRT желісінің құрылысына дайындықпен байланысты екенін хабарлады. 2015 жылы трамвай қозғалысы тоқтағаннан бері алынбаған рельстер алдағы LRT құрылысы процесін жеделдету үшін алынып жатыр.
2026 жылғы мамыр / Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
2026 жылғы мамыр / Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
LRT құрылысы қашан аяқталады және ол қай жерден өтеді?
Бұған дейін қала әкімдігі бұрынғы трамвай бағыты бойынша ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы LRT желісі өтетінін хабарлаған болатын. Ол Алатау ауданының индустриялық аймағын Алматы-2 теміржол вокзалымен байланыстырады.
Бағыт Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерімен, содан кейін Абылай хан даңғылы арқылы "Райымбек батыр" көлік-ауыстыру торабына дейін өтеді.
"Жобаланып жатқан LRT желісі "Дарабоз", "13", "Ғажайып", "Нұркент" шағынаудандарын, "Алатау сити", "Алмалы" тұрғын үй кешендерін қаланың орталық бөлігімен байланыстыратын ұзындығы 18,3 шақырымдық екі жолақты трасса. Желі негізінен Момышұлы, Төле би көшелері мен Абылай хан даңғылындағы оқшауланған жолақпен өтеді", – делінген Алматыдағы LRT желісінің бірінші кезегі құрылысын қоғамдық талқылау құжатында.
Желіде 34 жолаушылар платформасы қарастырылған: 12 аралдық және 22 жағалаулық үлгіде. Жолтабан ені 1435 миллиметр.
- Төле би көшесінде 4 аралдық және 15 жағалаулық бекет орналасады.
- Момышұлы көшесінде 5 аралдық және 5 жағалаулық бекет қарастырылған.
- Абылай хан даңғылында 3 аралдық және 2 жағалаулық бекет пайда болады.
Құрылыс 2027 жылдың сәуірінен 2029 жылдың сәуіріне дейін жүргізіледі.
Құрылысты кім қаржыландырады?
LRT желісінің құрылысын жеке инвестициялар есебінен жүзеге асыру жоспарланған.
Басқарма мәліметінше, жобаның жалпы бюджеті жобалау аяқталып, құрылыстың сметалық құны есептелгеннен кейін анықталады.
LRT-мен жүру құны және ол неге байланысты болады?
Қазіргі кезеңде жолақы құны белгісіз. Бұған дейін басқарма тариф әртүрлі факторға: мемлекеттік реттеуге, субсидиялар көлеміне және тасымалдаушының операциялық шығындарына байланысты болатынын нақтылаған еді.
LRT жүйесі BRT және метромен байланыстырылуы мүмкін
Алматы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы LRT оқшауланған жүйе болмайтынын атап өтті. Ол Алматының біріңғай көлік жүйесінің бір бөлігі ретінде жобаланып жатыр.
"Мақсат – жолаушының тез әрі ыңғайлы ауысып мінуіне және жүйені біртұтас желі ретінде қабылдауына жағдай жасау. Болашақта LRT батыс және шығыс көлік-ауыстыру тораптарын байланыстырады, онда метрополитен, BRT, такси, сондай-ақ қалалық және қала маңындағы автобус бағыттары, қалааралық автобус рейстері біріктіріледі", - деп түсіндірді ведомство.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында Алматыда қаланы 2040 жылға дейін дамытудың Бас жоспары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Сол кезде "Алматыбасжоспар" ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов LRT желісі "Барлық" бекетінен бастап Төле би көшесімен Алматы-2 вокзалына дейін, одан әрі Абылай хан даңғылымен Шығыс қақпасына қарай өтетінін айтқан еді.
Садуов құрылысты жеделдету үшін EPC-келісімшарт жасасу мүмкіндігін атап өтті (бұл жағдайда мердігер нысанды жобалауға да, құрылысына да жауапкершілікті өз мойнына алады).
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу