ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысы барысында Қарағанды облысындағы жылыту маусымына дайындықты сапасыз деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысы барысында Қарағанды облысындағы жылыту маусымына дайындықты сапасыз деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жаңажылдық мереке күндері Қазақстанда бірнеше төтенше жағдай болды. Шахтинск қаласында Шахан ауылында жылу қазандығы жарылып, салдарынан бесқабатты үйдің бір бөлігі опырылып кетті. Кеше Жезқазған қаласындағы жылу орталығында болған апаттан қала тұрғындары мен қаладағы өндіріс нысандары жарықсыз қалды. Алайда жүргізілген шаралардың нәтижесінде жарық пен жылу толықтай өндірістік нысандарға дейін берілді. Сондай-ақ, өкінішке қарай, Шымкентте де төтенше жағдай болып, салдарынан бір адам қаза тапты. Үкіметтегілердің атынан қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі мен үкіметтегілерге зардап шеккен тұрғындарға жедел түрде көмек көрсетулерін тапсырды. Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Ішкі істер министрі мен Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдаған соң үкімет басшысы облыстағы жылыту жүйесіндегі мәселелердің жыл сайын қайталанып отырғанын айтты.
"Біз жаңа жыл қарсаңында да селекторлық жиын өткізген болатынбыз. Сіздер болып жатқан жағдайлар жайлы баяндама жасадыңыздар. Мен Қарағанды облысының үлкен екенін түсінемін, онда халық саны 5 мыңнан асатын елді мекендер де көп. Бірақ та барлығы қалыпты режимде жұмыс істеп жатқаны және дайындықтың қажетті деңгейде екені айтылған болатын. Көріп отырғанымыздай, бұл жағдай жыл сайын қайталанып отыр, сондықтан да осындай төтенше жағдайлар да болып жатады. Сондықтан да облыстағылардың жылыту маусымына дайындығы сапасыз болғанын айтып өткім кетеді. Осыған байланысты сіздерден қайтадан барлық нысанды толықтай тексеріп шығуды сұраймын. Энергетика министрлігіне де осы мәселемен айналысып, кеше неліктен Жезқазғандағы жылыту станциясында осындай жағдай болғанын түсіну керек", - деді Сағынтаев Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке.
Еске сала кетейік, осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Әбдібековке Теміртаудағы үйлердің жылусыз отырғанына қатысты сын айтқан болатын.