ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Нью-Йорк полицейлерінің тәжірибесін алуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Нью-Йорк полицейлерінің тәжірибесін алуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысы барысында Сағынтаев бүкіл облыстағы ІІД басшыларының жұмысты қалай атқарып жатқанын білу үшін оларды біріккен отырыстарға шақыруды ұсынды. Жалпы құқық қорғау органдарының қызметі жайлы мәселе көтере отырып, Бақытжан Сағынтаев америкалық полиция қызметкерлерінің жұмысын атап өтті.
"Мемлекет басшысы Нью-Йоркте қылмыс деңгейін төмендету бойынша жүргізілетін жұмыстарды жиі мысал ретінде келтіретін. Жақында мен Нью-Йорктің әрбір ауданында, оның ішінде қай ауданда қылмыс деңгейі көп, қайсысында аз көрсетілетін ұялы қосымша жайлы оқыдым. Бұл қосымшаны, әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысатындар жиі қолданады екен. Мысалы, қонақүйлер. Олар өздерін жарнамалау мақсатында: "Қонақүй мына ауданда орналасқан, мұнда қылмыс деректері мүлде болған емес" деп жазады. Осылайша қонақүйге келушілер мен туристер саны артады. Және сол ауданда орналасқан үйлердің бағасы да сәйкесінше қымбаттайды", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолдану қажет. "Мұнда бізге халыққа еліміздің қай қаласында қылмыс саны көп, қай облыста қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын айтып, көрсету керек", - деді премьер-министр. Сонымен қатар, елімізде жергілікті полициядағылардың қызметін күшейтудің қажеттілігі айтылды.
Сондай-ақ, премьер-министр облыс әкімдері мен ІІМ өкілдеріне болып жатқан ірі жол апаттарының себептері мен республикадағы қауіпті учаскелерді анықтауға тапсырма берді.