Салық реформасының арқасында Қазақстан бюджеті толыға түсті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Салық реформасының арқасында Қазақстан бюджеті толыға түсті Фото © Тұрар Қазанғапов

Жыл басынан бері Қазақстанның республикалық бюджетіне салық түсімдері 3,6 триллион теңгеге дейін өсті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 900 миллиардқа артық. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Жыл басынан бері Қазақстанның республикалық бюджетіне салық түсімдері 3,6 триллион теңгеге дейін өсті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 900 миллиардқа артық. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, түсімнің өсу қарқыны 133 пайыз болған.

"Былтырғымен салыстырғанда, биыл таңертеңгі жағдай бойынша республикалық бюджетке 3,6 триллион теңге салық түсті. Бұл 900 миллиард теңгеге артық. Өсу қарқыны 133 пайызды құрап отыр", - деді деді Біржанов үкімет кулуарында.

Сондай-ақ ол қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша түсімдер құрылымын нақтылады.

"Бүгінде ҚҚС шамамен 1,8 триллион теңге сомасында түсті. Оның ішінде 1 триллионға жуығы ішкі ҚҚС, ал 800 миллиардқа жуығы импортқа салынатын ҚҚС", - деді вице-министр.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі салық төлеушілердің шағымын қарайтын апелляциялық комиссияның жұмысы туралы айтып берді.

"Жыл сайын біз 300-ден аса шағымды қараймыз, оның 38–40 пайызы салық төлеушілердің пайдасына шешіледі. Комиссияға бизнес өкілдері, басқа да министрліктер қатысады. Біз әр жағдайды егжей-тегжейлі қарап, мәселелердің бір бөлігін сотқа дейінгі тәртіппен шешеміз", - деді Біржанов.

Оның сөзінше, алдағы уақытта ведомство дәл осы сотқа дейінгі реттеуді күшейтуді көздеп отыр.

"Қазір біз Дүниежүзілік банкпен де жұмыс істеп жатырмыз. Көптеген мәселе сотқа жетпей, Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті алаңында шешілгенін қалаймыз", - деп толықтырды ол.

Біржанов камералдық бақылауға жеке тоқталып, оның толық автоматтандырылғанын баса айтты.

"Бүгінде қолмен жасалатын камералдық бақылау жоқ. Барлық процес автоматтандырылған. Біз тұрмыстық шығындар бойынша қандай да бір іріктеп тексеру жүргізбейміз. Бақылау тек ірі немесе стандартты емес сатып алулар кезінде ғана жүзеге асырылады", - деп түсіндірді ол.

Бұл ретте бизнес қауымдастығы белсенді талқылап жатқан салықтық шегерімдер мәселесі әзірге ашық қалып отыр. Атап айтқанда, құрылыс саласының өкілдері мердігерлермен жұмыс істеудегі шектеулерге байланысты бағаның өсу қаупі бар екенін мәлімдеді.

Қаржы министрлігі бұл мәселенің жобалық кеңсе аясында қаралып жатқанын растады.

"Қазірдің өзінде он шақты отырыс өтті. Түрлі мәселе, соның ішінде шегерімдер, жеңілдіктерді қолдану және бейрезиденттерге салық салу мәселелері қарастырылып жатыр. Түзетулер пакеті дайындалып жатыр, оның бір бөлігі таныстырылды", - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол қолданыстағы заңнаманың барлығына бірдей қолданылатынын атап өтті.

Оның айтуынша, шегерім мәселелері бойынша түпкілікті шешім құқық қолдану тәжірибесі және депутаттармен талқылауды ескере отырып қабылданады.

Еске сала кетейік, қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізуді тапсырып, бұл "қасиетті жазу" емес екенін және оған өзгерістер енгізуге болатынын айтқан еді.

Келесі күні премьер-министр Олжас Бектенов орынбасары Серік Жұманғаринге халық пен бизнестен Салық кодексі бойынша түскен ұсыныстарды жинақтап, талдауды тапсырды.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 481.95   552.93   5.68 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети