"Самұрық-Қазына" өкілдері басқарма мүшелерінің миллиондаған сыйақысы жайлы түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Самұрық-Қазына" өкілдері басқарма мүшелерінің миллиондаған сыйақысы жайлы түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ұлттық банктің ережесіне сәйкес, барлық акционерлік қоғамдар жылдық қаржы есебін жария етуге міндетті. 345,5 миллион теңге цифры - бұл 2014 жылы басқарма мүшелерінің алған сыйақыларының жалпы сомасы. Оған жылдық жалақы мен жылдық бонус кіреді. Ал 2014 жылы алынған жылдық бонус 2013 жылы берілген бонус. Бұл 2013 жылғы бонус, біз мұны бірнеше рет талқылап, атап өттік. Бұл сомаға жалақы мен жеке салықтар, пайдадан төленетін жарна кіреді. Егер осы сомадан жалақыны, пайдадан төленетін жарнаны және табыс салығын алып тастасақ, 2013 жылдың қордың топ-менеджментінің жұмысының қорытындысы бойынша жылдық бонусы 185,5 миллион теңгеге тең болады. Басқарма құрамында алты адамның барын есепке алсақ, онда қор топ-менеджментінің жылдық бонусы 31 миллион теңге болады", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ қаржы директоры Нұрлан Рахметов.
Оның айтуынша, жалақы мен бонус жүйесі бастапқы кезден үкіметтің қаулысымен бектілген және 2011 жылдан бері өзгерген жоқ. Жыл қорытындысы бойынша бонустар менеджментке қордың директорлар кеңесінің шешімімен ғана төленеді және оның мөлшері үш жылдық еңбекақы сомасынан аспауы тиіс.
Рахметовтың айтуынша, басқарма мүшелері қалауынша жылдық бонустардан бас тарта алады және оның мәліметінше, қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев әдетте бұл сыйақыдан бас тартады.
Еске сала кетейік, таяуда "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының әрбір мүшесінің орташа есептегенде 57 миллион теңгеден сыйақы алғаны хабарланды. Ал жалпы есептегенде басқарманың барлық мүшесінің сыйақысы 345,468 миллион теңге болған. Бұл туралы KASE биржасында жария етілді. Бұл сыйақының 2014 жылы берілгені нақтыланып отыр. "Облигациялары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде бар "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ (Астана) KASE қор биржасына атқарушы органның мүшелерінің 2014 жылы 345468000 теңге көлемінде сыйақы алғанын хабарлады", - делінген хабарламада. "Самұрық-Қазына" АҚ ресми сайтының мәліметіне қарағанда, басқарма құрамында алты адам бар. Олар төраға Өмірзақ Шөкеев, оның орынбасарлары Елена Бахмұтова мен Дәурен Ердебай, қаржы директоры Нұрлан Рахметов, құқық мәселелері жөніндегі бас директоры Талғат Сәрсенбаев және бизнесті дамыту жөніндегі бас директор Берік Бейсенғалиев.