Сатушы қосымша сүйек не ет алуға мәжбүрлесе не істеу керек?

Сатушы қосымша сүйек не ет алуға мәжбүрлесе не істеу керек? Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Ауыл шаруашылығы министрлігі ет базарларында сатып алушыларға негізгі тауармен бірге қосымша ет немесе сүйек бөліктерін сатып алуды міндеттейтін үрдіс әлі де кездесетінін растады. Сондай-ақ шенеуніктер мұндай жағдайда не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, ол мұндай жағдайға өзі де тап болған.

"Қой етін сатып аларда тек сан бөлігін алғымыз келген еді, бірақ сатушылар сүйексіз етті сату тиімсіз екенін айтып, басқа мүшелерді қоса алуды ұсынды. Мұндай жағдайлар кездеседі", – деді ол.

Жарнама
Жарнама

Вице-министр қосымша тауарды таңу тұтынушылардың құқығын бұзу деп саналуы мүмкін екенін атап өтті. Егер сатушы сатып алушы таңдаған ет бөлігін ғана сатудан бас тартса, оның үстінен шағым түсіруге болады.

Оның айтуынша, базарларда осындай жағдайлар туралы хабарлауға болатын телефон нөмірлері жазылған стенд орнатылуы тиіс. Фото немесе видеоны дәлел ретінде пайдалануға болады.

"Қазір мұны телефонға түсіріп алуға болады. Бұл да сатушыларды тәртіпке салады", – деді Сұлтанов.

Ет құны туралы сұраққа жауап бере отырып, вице-министр қазіргі уақытта сиыр еті бағасының күрт өсуі байқалмайтынын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, кейінгі аптада сиырдың сүйекті етінің бағасы 0,6 пайыз төмендеп, сүйексіз ет те сәл арзандаған.

Шенеуніктің айтуынша, министрлік жақында еттің қымбаттауына ешқандай алғышарт көріп отырған жоқ, алайда қажет болған жағдайда бағаны тұрақтандыру үшін жедел шаралар қабылдауға дайын.

Еске салайық, маусымда Қазақстан ірі қара мал етін елден әкетуге алты ай мерзімге квота енгізуді жоспарлап отырғаны белгілі болған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрық жобасын жариялады.

Тағы оқыңыз: Қазақстан мен әлемдегі сиыр етінің бағасы салыстырылды - рейтинг жарияланды

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама