Саясаттанушылар Ақтөбедегі терактіні "Қазақстанды азат ету армиясы" деген топтың мойнына алуы туралы ақпараттың жалған екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Саясаттанушылар Ақтөбедегі терактіні "Қазақстанды азат ету армиясы" деген топтың мойнына алуы туралы ақпараттың жалған екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Шекара маңы ынтымақтастығы қауымдастығының" өкілі Марат Шибұтов мұндай ұйым туралы ешқашан естімегенін айтты. "Дегенмен, арабша аталатын мұндай саяси ұйымдар бар, бірақ онда Қазақстан сөзі қолданылмайды. "Қазақстанды азат ету армиясы" фейкке көбірек ұқсас. Мен де мақалаларды қарадым, онда ешқайда сілтеме берілмеген", - деді ол.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қариннің бұл ұйым туралы жауабы қысқа болды. "Жалған сияқты", - деп қайырды ол. Ресейлік саясаттанушы Александр Князев те мұндай ұйымның жоқ екенін айтып отыр. "Белгілі бір оқиға кезінде өздері туралы осылай мәлім ету жағдайы жиі болып тұрады. Ақтөбедегі жағдайға қатысты бұл атау бірінші рет қолданылып тұр", - деді ол.
Айта кетейік, бұл ұйым туралы ақпарат алғаш рет "Свобода" радиосында 6 маусым күні таңертең пайда болған еді. "Ақтөбеде террорлық қауіптің қызыл деңгейі белгіленді" деген мақалада "Қазақстанды азат ету армиясы" деген ұйымның "Қазақстанның демократиялық даму жолындағылармен алғашқы ұрысы" болғаны айтылады. Айта кетейік, бұл ұйым туралы толығырақ "Озодлик" радиосының да сайтында жарияланды. "Ақтөбеде террорлық қауіптің жоғары деңгейі белгіленді" деген тақырыппен шыққан мақалада да "Свобода" радиосының өбзекстандық бөлімі мәлімдеменің толық нұсқасын келтірген. Онда лаңкестердің "өз күштерін көрсеткені" және "елді азат ету күресінің" басталғаны айтылады. Дегенмен, бұл сайтардағы ақпараттарда бірінші дереккөзге сілтеме жасалмаған. Мұның "халықаралық БАҚ үшін жасалған мәлімдеме" екені айтылады.
"Свобода" радиосында жарияланған ақпаратты кейін BBC News журналистері де бөлісті. "Бұған дейін "Радио Свобода" шабуылды "Қазақстанды азат ету армиясы" мойнына алғанын хабарлаған еді. Бұл ақпаратты басқа дереккөздер растаған жоқ", - делінген "Ақтөбедегі атыс кезінде қаза тапқандардың саны 17 адамға жетті" деген атаумен жарияланған мақалада. "Қазақстанды азат ету армиясының" өкілдерімен байланысқа шығу мүмкін болмады. Сонымен қатар, "Қазақстан территориясында сот шешімімен тыйым салынған шетелдік ұйымдар" тізімінде де бұл топтың атауын кездестіре алмадық.
Еске салайық, 5 маусымда Ақтөбенің үш ауданында атыс болған еді. ҚР ІІМ өкілдері белгісіздердің "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны жайлы хабар келіп түскенін хабарлады. Сонымен қатар, тағы бір қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасалғаны белгілі болды. Осыдан кейін қалада террорлық қауіптің қызыл деңгейі белгіленді. Айта кетейік, қауіптің шекті, яғни қызық деңгейі жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін (актілерін) қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде белгіленуі мүмкін.