Щучинскідегі кафедегі жарылыстан қаза тапқандар саны жетіге жетті. Бұл туралы Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақмола облысы әкімдігі мәліметінше, барлығы 26 адам зардап шеккен, соның ішінде 7 адам қаза тапқан (оның бірі - 16 жастағы қыз). 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілген.
"Денсаулық сақтау басқармасы қосымша медициналық бригадаларды жедел түрде жасақтады. Барлық ресурс жұмылдырылды: мамандар, дәрі-дәрмектер, санитария авиациясы оқиға орнына бағытталды. Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері анықталып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Не болған?
Еске салайық, 26 ақпанда кешкі уақытта бес қабатты тұрғын үйге жалғасқан бір қабатты кафеде "газ-ауа қоспасынан жарылыс болып, кейіннен өрт шыққаны" тіркелген. Сол кезде алты адам қаза тауып, 20-ға жуық адам зардап шеккені хабарланды.
ТЖД күштері мен құралдары оқиға орнына жеткеннен кейін өртсөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шығып, 10-нан аса адамды құтқарған. Өрт сөндіріліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатқаны айтылды.
Ақмола облысы ТЖД-де 8 (7162) 514-298 нөмірі бойынша жедел желі ашылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!