Ақмола облысы Щучинскіде бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, өрт шықты. Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың айтуынша, Щучинск қаласының стационарына күйіктің әртүрлі дәрежесімен 13 науқас түскен.
"Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медицина мамандары тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді. Дәрі-дәрмектер жеткілікті көлемде бар. Науқастардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр", - деді ол.
Сонымен қатар, зардап шеккен бес адам ТЖМ реанимобилімен Көкшетау қаласына жеткізілген. Тағы екі науқасты тасымалдау жоспарланып отыр.
"Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жатқызылып, оларға барлық көмек көрсетіліп жатыр. Науқастардың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Не болған?
Еске салайық, 26 ақпанда кешкі уақытта бес қабатты тұрғын үйге жалғасқан бір қабатты кафеде "газ-ауа қоспасынан жарылыс болып, кейіннен өрт шыққаны" тіркелген. Сол кезде алты адам қаза тауып, 20-ға жуық адам зардап шеккені хабарланды.
ТЖД күштері мен құралдары оқиға орнына жеткеннен кейін өртсөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шығып, 10-нан аса адамды құтқарған. Өрт сөндіріліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатқаны айтылды.
27 ақпанда барлығы 26 адам зардап шеккені, соның ішінде 7 адам қаза тапқаны (оның бірі - 16 жастағы қыз) белгілі болды. 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Ақмола облысы ТЖД-де 8 (7162) 514-298 нөмірі бойынша жедел желі ашылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!