Семейде құны 11 миллиард теңге болатын жаңа аурухана толық жұмыс істемей тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысының Ақпараттық орталығына сілтеме жасап. Ауылдық аймақтардағы мектептердің де жағдайы осындай. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов аппараттың кеңейтілген мәжілісінде мәлімдеді.

Ақпарат орталығының хабарлауынша, аппарат мәжілісінде аймақ басшысы әкімдерге өңірдегі құрылыс жобаларын қайта қарауды міндеттеді. Сонымен қатар, ұзақ мерзімге созылған құрылыстарды тәмамдауды тапсырды. "Үнемделген қаржы көздері қалалар мен аудандардың абаттандыруына жұмсалса, бұл бағдарлама, әсіресе, ауылдық өңірлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімге созылған құрылыстарды тәмамдап, тұрғын үй саласындағы кемшіліктерді реттеу керек", - деді Даниал Ахметов.
Әкімнің сөзіне қарағанда, бұл өңірде бөлініп жатқан қаржы дұрыс пайдаланылмай жатыр. "Семейде құны 11 миллиард теңгеге салынған жаңа аурухана толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Ауылдық аймақтардағы мектептердің де жағдайы осындай. Бұл олқылықтар бөлінген қаржының дұрыс пайдаланылмай жатқандығының белгісі. Сондықтан бюджеттік ресурстарды қайта санап, қаржыны керекті салаларға бағыттауымыз қажет. Қысқасы, бөлінген қаржы нәтижелі іске жұмсалуы тиіс", - деді ол.
Айта кетейік, ШҚО әкімі бұл өңірдегі ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан қаржыны да қысқартады. Облыс әкімі жауапты өкілдерге егістік аумақтарын тиімді пайдалануды жолға қойып, саладағы экономикалық шығындарды санап, қысқартуды тапсырды.