Семейде алкоголь өнімін заңсыз шығаратын астыртын цехтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Мән-жайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндірісін ұйымдастырған.
"Үй-жайлар мен гараждарда спиртті сумен араластырып, кейін белгілі маркалар түрінде шыны ыдыстарға құю арқылы алкоголь өнімдері дайындалған. Өнімге заңды түр беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған", - деп хабарлады ведомство.
Тінту барысында заңсыз айналымнан 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімі, 8 мыңнан астам бос бөтелке, 10 мың литр спирті бар сұйықтық, қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары, сондай-ақ өндіріске және қаптауға арналған жабдықтар тәркіленді.
Сот санкциясымен цех орналасқан жеке үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.
Ұйымдастырушыға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Ведомство өкілдерінің нақтылауынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін, жедел улануға, ішкі ағзалардың, соның ішінде бауыр мен бүйректің зақымдануына, сондай-ақ өлімге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.