Семейде өрт сөндіру гидранттарының жартысына жуығы жұмыс істемейді. Бұл туралы қаланың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында «Семей Су арнасы» мекемесінің директоры Еркін Сағындықов мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Семейде өрт сөндіру гидранттарының жартысына жуығы жұмыс істемейді. Бұл туралы қаланың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында «Семей Су арнасы» мекемесінің директоры Еркін Сағындықов мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Е.Сағындықовтың айтуынша, өрт сөндіру гидранттары қалада 40 жыл бұрын салынған және олардың қызмет ету мерзімі баяғыда өтіп кеткен. "Оларды төрт жылда бір рет жоспарлы жөндеуден өткізіп тұруымыз керек. Алайда біздің тарифтік сметамызда оларды күтуге қаржы қарастырылмаған. Қазіргі таңда қалада барлығы 575 гидрант бар болса, соның тек 52 пайызы ғана жұмыс істейді. Шынын айтқанда, тек жартысы ғана жұмыс істеуге жарамды",- деді Е.Сағындықов.
Кездесуге қатысқан мамандар жақын уақытта қалада өрт сөндіретін гидранттары қалмай қалатынын мәлімдеді. "2012 жылы гидранттардың 29,4 пайызы бүлінген болатын, 2013 жылы 40 пайызға жетті, ал енді осы жылы гидранттардың 48 пайызы жұмыс істемейтін күйге түсті. Егер біз осылай кете берсек, онда төрт жылдан кейін біз өрт сөндіру гидранттарын түгелімен жойып тынамыз. Оларды біз пайдаланамыз, дегенмен гидранттар істен шықса, ол біздің кінәмізден емес, оны пайдаланудың өз мерзімі бар",- деді ШҚО ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ Семей қалалық №2 бөлімшесінің бастығы Асхат Жаймұхамедов.
Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары "Семей Су арнасы" мекемесінің басшылығына бұл күрделі жағдайды шешу үшін барлық нысандарды аралап, өрт сөндіру гидранттарының әрқайсысын тексеріп шығуды ұсынды.