ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың қатысуымен "2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына байланысты Жұмыспен қамтудың жол картасын құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Парламентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың қатысуымен "2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына байланысты Жұмыспен қамтудың жол картасын құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Парламентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгінгі кездесудің тақырыбы аса өзекті, өйткені Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, халықтың лайықты жұмыспен қамтылуы - азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мен олардың өмір сапасын арттырудың негізі болып табылады. Бұл - адам ресурстарының әлеуетін дамытудың маңызды шарты.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі жаһандық ахуал экономикалық дамуда табысқа тез қол жеткізуге қолайлы жағдай тудырып отырған жоқ. Әлемдік нарықта тоқырау орын алуда, саяси жағдай да тұрақты емес. Бүкіл әлемде жұмыссыздық деңгейі өсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сәйкес 2015 жылдың қорытындысы бойынша дүниежүзіндегі жұмыссыздар саны дағдарысқа дейінгі 2007 жылғы деңгейден 27 миллионға өсіп, 197 милионнан астам адамға жеткен.
Болжам бойынша, ағымдағы жылы жалпы жұмыссыздық көлемі 2,3 млн. адамға өседі, ал 2017 жылы 200 миллионнан асуы мүмкін. Сондықтан, көптеген елдердің үкіметтері еңбек нарығына қолдау көрсетіп, жұмыспен қамтуды реттеуге қомақты қаражат жұмсап, белсенді түрде арнайы бағдарламалар енгізуде.
Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету жаһандық дағдарыстың қазақстандық еңбек нарығына тигізетін теріс ықпалын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік берді. Дегенмен, жағдайға сын көзбен қарауымыз керек. Алда тұрған жұмыстар көп. "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде Парламент жаңа Еңбек кодексі мен Халықты жұмыспен қамту туралы заңын қабылдады. Ендігі кезекте осы заңнамалық актілерді ойдағыдай іске асыруымыз қажет.
Жұмыссыздық - әлі күнге дейін аса өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Еңбек нарығын реттеуге бағытталған мемлекеттік шаралар өз мәресіне жеткен жоқ. Алдағы уақытта Жұмыспен қамту жол картасын еңбек нарығындағы құбылмалы жағдайға бейімдеу бойынша бірқатар маңызды мәселелерді шешуіміз қажет. Бүгінгі талқылаудың нәтижелері еңбек нарығын жетілдіруге оң ықпал етеді деп мен сенемін", - деді Сенат төрағасы.