ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі оның адвокатына сілтеме жасап.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі оның адвокатына сілтеме жасап.
Жоламановтың адвокаты Мағауия Елемесов қорғау тарапы қылмыстық іс материалдарын зерттеп жатқанын айтты. Адвокат істің егжей-тегжейі туралы айтудан әзірше бас тартып отыр. Жоламановтың мүддесін екі адвокат қорғайтын болады.
Елемесов ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы директорын дәрігерлер тексергенін айтты. Адвокаттың айтуынша, дәрігерлер Жоламановтың ағзасында қанттың артып кеткені және қан қысымы тұрақсыз екені туралы қорытынды шығарды. Бұған дейін Нұрлан Жоламановтың адвокаттары оның бұлтартпау шарасын үй қамауына алумен немесе санитарлық бөлімге ауыстырумен алмастыруды сұраған болатын.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының ұсталғалы осы жылдың 27 қазаны күні белгілі болды. 58 жастағы Нұрлан Жоламанов екі бап бойынша айыпталып отыр: бір немесе бірнеше қылмысты жасау мақсатымен ұйымдасқан қылмыстық топ құру және аса ірі көлемде пара алу. Ақмола гарнизонының әскери соты Жоламановқа 2014 жылдың 27 желтоқсанына дейін тұтқынға алу шарасын белгіледі.
Жоламанов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Қылмыстық істі ҰҚК Тергеу департаменті тергеп жатыр. Айыпталушы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.