Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін отставкаға кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақұпова облыс басшысының отставкаға кету туралы өтініш бергенін, бірақ оның қабылданбағанын хабарлады.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша, оның бұл іске қатысы жоқтығы ескеріліп, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Өңір әкімінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыттары бойынша қызметі штаттық режимде жүргізіліп жатыр", – деді ол.
Жақсылық Омарға қандай айып тағылды?
Шығыс Қазақстан әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омар тағылған барлық баптар бойынша ауыр сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасағаны үшін кінәлі деп танылып, нақты түрме мерзіміне сотталған болатын.
Оған екі эпизод бойынша айып тағылды: 20 миллион теңге пара алу және көлікке қатысты айла-шарғы жасау. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Өскемен әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорыннан демеушілік көмек ретінде көлік рәсімдеуге көндірген. Кейінірек алынған Toyota Camry 75 үшінші тұлғаларға қайта рәсімделіп, шенеуніктің жеке пайдалануы үшін trade-in бағдарламасы бойынша жаңа модельге айырбасталған. Шығын көлемі 13 миллион теңгені құраған.
3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық пен жемқорлық үшін кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, "Құрмет" орденінен, сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
ШҚО прокуратурасы бұған дейін Омардың іс-әрекеттері мемлекеттік қызмет принциптеріне және қоғамдық сенімге нұқсан келтіретінін атап өтіп, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасалмайтынын және олардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін еместігін баса айтқан болатын.
Экс-шенеунік бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеді. Үкім шыққанға дейін ол соттан өзін бас бостандығынан айырмауды, оның орнына айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұраған еді. Үкім шыққаннан кейін Жақсылық Омар оған шағым түсірді.
Тағы оқыңыздар: Жақсылық Омар рақымшылық бойынша және мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмайды - прокуратура
ШҚО әкімдігінде сотталған Жақсылық Омардың орнына әлі де адам табылмаған: себебі айтылды
Жақсылық Омар туралы не белгілі?
Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген.
2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "география" мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін "жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолы
- 2001–2005 жылдары Омар Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман болып жұмыс істеді.
- 2005–2007 жылдары – Қаржы министрлігінің маманы.
- 2007–2009 жылдары – "Қазақстан" телерадиокорпорациясы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, кейін — "Арна медиа" холдингінің бас менеджері.
- 2009–2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеді.
- 2010–2011 жылдары ШҚО Ішкі саясат басқармасын басқарды.
- 2011–2013 жылдары ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы болды.
- 2013–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
- 2016 жылдан 2018 жылға дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болды.
- 2018 жылдан 2024 жылға дейін Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі лауазымын атқарды.
- 2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
- 2025 жылғы 7 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.