Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі басталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
"Сот кабинетіндегі" мәліметке сәйкес, шенеунікке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр:
- 190-баптың 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша – "Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам жасаған ірі мөлшердегі алаяқтық";
- 366-баптың 3-бөлігі 3-тармағы бойынша – "Лауазымды адамның ірі мөлшерде пара алуы".
Қазіргі уақытта Омар қамауда отыр. Сот процесі 19 наурызда ашық режимде, қысқартылған іс жүргізу тәртібімен өтеді.
Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы не белгілі?
13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Сол кезде өңір әкімдігі бұл туралы мәлімет жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ әкімдік "әкім орынбасары денсаулық жағдайына байланысты уақытша демалыс алды" деп хабарлады.
Редакция тілшісі шенеунікпен байланысуға тырысты, алайда ол қоңырауға жауап бермеді.
ҰҚК не деді?
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шенеунікке қатысты тергеу басталғанын хабарлады:
"Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген ведомствоның ресми сауалға берген жауабында.
ҰҚК сол кезде айыптау мәні мен тергеу Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізіліп жатқанын ашып айтпады.
Айта кетерлігі, 11 ақпанда Жақсылық Омардың Instagram-дағы ресми парақшасында жазба пайда болды. Онда өңірдің былтырғы әлеуметтік саласының жұмыс қорытындысы шығарылып, 2026 жылға арналған жоспар талқыланған жұмыс кеңесі туралы хабарланған болатын.
Жалпы, шенеунік әлеуметтік желілерді белсенді жүргізіп, оқырмандарын өз жұмысы туралы үнемі хабардар етіп отырды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Жақсылық Омар 2018 жылдан 2024 жылға дейін Өскемен әкімі қызметін атқарған. 2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2025 жылғы 7 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.