Полиция Риддерде қайтыс болған екі жасар баланы іздеу жұмыстары қалай өткенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция Риддерде қайтыс болған екі жасар баланы іздеу жұмыстары қалай өткенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, 9 сәуірде кешке Шығыс Қазақстан облысының Риддер полициясына көпбалалы ана жүгінген. Ол кезекшіге кіші ұлы кешкі сағат 6-да ағаларымен бірге ойнауға шыққанын, сосын екі сағат бойы оны көршілерімен таба алмағанын айтқан.
Балалар анасымен бірге көшеге шыққаны, кейін анасы көршісінің үйіне қонаққа кіріп, балаларын терезеден бақылап отырғаны белгілі болды. Бірақ біраз уақыттан кейін кенжесін таба алмай қалған. Балалар да оның қашан, қайда кеткенін байқамай қалған.
"Ішкі істер органдары бірден балалар ойнайтын аудандағы тұрғын үй алабын қарай бастады, полицейлер көшелер мен үйлерді аралап шықты. Маңайдағы он көшеде 50-ден аса үй қаралды. Үш көше ары орналасқан дүкендердегі ең жақын камералардың бейнежазбасы зерттелді, бірақ ештеңе табылмады", - делінген хабарламада.
Іздестіру жұмыстары түні бойы жалғасты, оған 80-нен аса полиция қызметкері және Ұлттық ұланның 50 әскери қызметшісі, құтқарушылар, ТЖД-ның 3 кинология тобы және 135 волонтер қатысты. Өкінішке қарай, қызметтік иттер жаңбырға байланысты баланың ізін таба алмады.
"Таңғы тоғыз жарымда ғана Облыстың криминалдық полиция қызметкерлері Быструха өзенінің арнасын аралап жүріп, жоғалған баланың үйінен 700-800 метр жерде, өзеннің бойындағы ағаштың маңынан баланың мәйітін тапты", - деді ІІМ өкілдері.
Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына көңіл айтады, сондай-ақ баланы іздеуге қатысқан еріктілер мен барлық адамға алғыс білдірді.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жоғалып кеткен екі жасар баланың мәйіті табылғаны хабарланған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!