Арыс қаласының 8-секторында негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған секторда жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына жауапты Мақтаарал ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы болатын, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арыс қаласының 8-секторында негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған секторда жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына жауапты Мақтаарал ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы болатын, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Секторға қарасты 527 үйге қайта жөндеу жұмыстары жасалып, 5 үй толық қайтадан құрылды. Ол үшін Шығыс Қазақстан облысынан келген 10 құрылыс компаниясының 300-ден астам құрылысшысы мен 10-ға жуық техникасы жұмылдырылып, аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыс атқарылды.
Мақтааралдықтар аталған секторда тазалық іс-шараларын қарқынды түрде жүргізді. Бүгінгі күнге дейін 7 мың тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған. Ол үшін арнайы 10 техника мен 300-ден астам мақтааралдықтар тазалық жұмыстарына тартылыпты.
Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың алғашқы күнінен-ақ көмекке асыққан мақталы өлкенің тұрғындары бүгінгі күнге дейін жалпы құны 25 миллион теңгені құрайтын азық-түлік, киім-кешек пен гигиеналық заттарды арыстықтарға жеткізген.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен "Арыс, біз біргеміз!" акциясы аясында Арыс қаласының тұрғындарына мақтааралдықтар тарапынан беріліп жатқан көмектер әлі де жалғасуда. Ауданға қарасты барлық бюджеттік мекемелердің қызметкерлері 1 күндік жалақыларын қорға аударып, қазіргі таңда 5 миллион теңгеге жуық қаржы өткізген. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы ұйымының бастамасымен аудандық қор құрылып, аудан тұрғындары тарапынан 1,4 миллион теңгеден астам қаржы жинақталды. Аталған қаржының барлығы Арыс қаласының 8-ші секторындағы ұйымдастыру жұмыстарына жұмсалған.
Мұнан бөлек, Мақтаарал ауданындағы "Толағай" қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагеріне мектеп жасындағы арыстық 50 бала қабылданып, сауықтырылды. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданы әкімдігінің мамандары Арыс қаласындағы 8-ші секторда төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға 100 мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы беру бойынша 675 отбасы, 3245 тұрғыннан құжаттар жинақтаған болатын.